Қазақстан мен АҚШ арасында тікелей әуе қатынасын 2027 жылдың соңына дейін іске қосу жоспарланып отыр
Бұл мәселе Монреальда өткен Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) 7-ші Дүниежүзілік әуе көлігі конференциясы аясында талқыланды, деп хабарлайды Astana TV.
Кездесуге ҚР Көлік вице-министрі Талғат Ластаев пен АҚШ Көлік министрінің авиация және халықаралық қатынастар жөніндегі ассистенті Дэниел Дж. Эдвардс бастаған делегация қатысты.
Тараптар тікелей әуе рейстерін ашу мүмкіндіктерін және азаматтық авиация саласындағы ынтымақтастықты кеңейту жолдарын қарастырды. Қазір Қазақстан АҚШ Федералдық авиациялық басқармасының (FAA) 1-санатын алу бағытында жұмыс жүргізіп жатыр. Қыркүйек айында америкалық сарапшылар елдің авиациялық жүйесіне аудит өткізіп, алдын ала оң бағасын берген.
«Қазақстан мен АҚШ арасында тікелей әуе қатынасын іске қосуға мүдделіміз және осы бағытта белсенді жұмыс істеп жатырмыз. Екі ел арасындағы «Ашық аспан» келісімі бұл бастамаға берік құқықтық негіз қалайды. АҚШ-тың авиациялық билік органдарымен жүргізіліп жатқан сындарлы жұмысты жоғары бағалаймыз», – деді Талғат Ластаев.
Келіссөзде қазақстандық әуе компанияларының ұшақ паркін жаңарту мәселесі де сөз болды. Атап айтқанда, Air Astana 2026–2027 жылдары үш Boeing 787 Dreamliner ұшағын жеткізуді күтуде. Бұл әуе кемелерін АҚШ бағытындағы рейстерге пайдалану жоспарланған.
Бұдан бөлек, 2025 жылы америкалық Boeing компаниясымен жалпы құны 15 млрд доллар болатын 33 ұшақты жеткізу жөнінде келісім жасалған. Бұл уағдаластықтарға Қазақстан Президентінің биыл ақпанда АҚШ-қа жасаған жұмыс сапары кезінде қол жеткізілген.
Вице-министрдің айтуынша, тікелей рейстердің ашылуы екі ел арасындағы іскерлік және туристік байланыстарды нығайтып, бизнеске жаңа мүмкіндіктер береді. Сондай-ақ Қазақстанның ғана емес, жалпы Орталық Азияның АҚШ-пен көлік қатынасын дамытуға ықпал етеді.
Кездесу соңында тараптар тікелей әуе қатынасын іске қосу үшін қажетті рәсімдерді жеделдетіп, азаматтық авиация саласындағы бірлескен жұмысты жалғастыруға келісті.