Қазақстанда жыл басынан бері 355 буллинг фактісі анықталған. Мамандар балаларды мектептегі қысымнан және интернеттегі қауіптен қорғау үшін құқықтық шаралармен қатар, ата-ананың бақылауы мен психологиялық қолдау маңызды екенін айтады
Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі бүгінде мектептегі тәртіппен ғана шектелмейді. Буллинг, зорлық-зомбылық, әлеуметтік желілерді шамадан тыс пайдалану және қауіпті онлайн контент олардың психологиялық жағдайына кері әсер етуі мүмкін. Қазақстанда балалардың құқықтарын қорғауға бағытталған заңнамалық шаралар күшейтілгенімен, қауіптің алдын алуда мектеп пен отбасының жауапкершілігі де маңызды. ASTANA TV тілшісі Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ержан Жаксылыков пен балалар психологі Дарья Байндыеваның пікірлеріне сүйеніп, балалар қауіпсіздігінің негізгі мәселелерін саралады.
Буллингке қарсы қандай шаралар қабылданды?
Мектептегі буллинг балалардың психологиялық саулығына және білім алуына кері әсер ететін мәселелердің бірі. Құрдастары тарапынан жүйелі түрде қорқыту, кемсіту немесе қысым көрсету баланың өзіне деген сенімін төмендетіп, айналасындағы адамдармен қарым-қатынасын қиындатуы мүмкін.
Қазақстанда 2024 жылдан бастап кәмелетке толмағандарға қатысты буллинг пен кибербуллинг үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Ал 2025 жылы Қылмыстық кодекске сталкинг, яғни адамды еркінен тыс заңсыз қудалау үшін жауапкершілікті көздейтін жеке бап енгізілді. Балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін де жазалау шаралары күйшейтілген.
ҚР Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ержан Жаксылыковтың айтуынша, заңнамалық өзгерістермен қатар, профилактикалық жұмыстарға да басымдық беріліп отыр.
«Министрлік балалардың құқықтарын қорғауды күшейту мақсатында бірқатар қосымша шара қабылдады. Атап айтқанда, құқық бұзушылықтардың алдын алу саласындағы заңнама жетілдіріліп, буллинг пен сталкинг үшін жауапкершілік енгізілді. Сонымен қатар балаларға қатыгездік көрсеткені үшін жаза қатаңдатылды», – дейді Ержан Жаксылыков.
Қазір әр мектеп пен колледжге учаскелік және ювеналды полиция қызметкерлері бекітілген. Олардың міндеті – құқық бұзушылықтардың алдын алу, қауіп тобындағы жасөспірімдерді ерте анықтау және қажетті жағдайда тиісті шаралар қабылдау.
«Биыл полиция қызметкерлері 300-ден астам буллинг фактісін анықтады. Мұндай жағдайларды дер кезінде анықтау ықтимал қауіп-қатерлерге жедел әрекет етуге, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және қайталануына жол бермеуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті ІІМ өкілі.
Ал 2026 жылғы 16 қарашада ІІМ Ювеналды полиция басқармасының бастығы Асхат Дүйсембеков Қазақстан бойынша жыл басынан бері 355 буллинг дерегі анықталғанын нақтылады.
Бұл көрсеткіш мәселенің өзектілігін аңғартады. Дегенмен ресми тіркелген фактілер буллингтің нақты таралу деңгейін толық сипаттамауы мүмкін. Өйткені қысым көрген балалардың барлығы бірдей көмек сұрауға дайын бола бермейді.
Сондықтан мектептегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуде құқық бұзушылыққа әрекет етумен қатар, балалардың шағымын дер кезінде тыңдау және психологиялық қолдау көрсету маңызды.
Балаларды қорғауда мемлекеттік органдар қалай жұмыс істейді?
Балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін Ішкі істер министрлігі білім беру, денсаулық сақтау органдарымен, прокуратурамен және әкімдіктермен бірлесіп жұмыс жүргізеді.
Ержан Жаксылыковтың айтуынша, профилактикалық шаралар барысында тұрмысы қиын отбасылар анықталып, балалардың өмір сүру жағдайы зерделенеді.
«Бірлескен профилактикалық шаралар аясында отбасылардың жағдайы зерделеніп, тұрмысы қиын балалар анықталады. Сондай-ақ отбасыларға барып, балалардың өмір сүру жағдайы тексеріледі», – деді ол.
Мұндай жұмыстардың негізгі мақсаты – балаға қауіп төндіретін жағдайларды ерте анықтау. Әсіресе отбасындағы әлеуметтік қиындықтар мен зорлық-зомбылық белгілерін назардан тыс қалдырмау маңызды.
ІІМ «Жасөспірім» жедел-профилактикалық іс-шарасын да тұрақты өткізеді. Оның барысында түнгі уақытта ойын-сауық орындары мен қоғамдық кеңістіктер тексеріліп, балалар мен ата-аналар арасында түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылады.
Бұл шаралар «Заң мен тәртіп» қағидаты мен «Адал азамат» идеологиясы аясында жүзеге асырылады.
Алайда балалардың қауіпсіздігі тек полицияның жұмысына байланысты емес. Білім беру ұйымдары, психологтер және ата-аналар баланың мінез-құлқындағы өзгерістерге назар аударып, қажет болған жағдайда тиісті мамандардың көмегіне жүгінуі керек.
Балалар әлеуметтік желілерге неге әуес?
Интернет балалардың күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. TikTok, Instagram, Discord сияқты платформалар арқылы олар ақпарат алады, достарымен сөйлеседі және қызығушылықтарын бөліседі.
Балалар психологі Дарья Байндыеваның айтуынша, әлеуметтік желілерге қызығушылықтың негізінде бірнеше қажеттілік жатыр.
«Негізінен, бірінші орында – контент тұтыну, екінші орында – қарым-қатынас, ал үшінші орында – өзін-өзі таныту, қабілетін көрсету мүмкіндігі тұр», – дейді Дарья Байндыева.
Маман балаларды интернеттен толық шектеу қазіргі жағдайда тиімді шешім емес деп есептейді. Өйткені цифрлық платформалар білім алу мен қарым-қатынас жасаудың да маңызды құралына айналған.
«Бүгінде әлеуметтік желілерді балалардың өмірінен мүлдем алып тастай алмаймыз. Бұл – заман талабы. Сондықтан ең бастысы – балаларды цифрлық ортаға дұрыс бейімдеуге және оны қауіпсіз пайдалануға үйрету», – деп түсіндірді психолог.
Дегенмен интернеттің пайдалы мүмкіндіктерімен бірге белгілі бір қауіптері де бар.
Балалар жасына сәйкес келмейтін ақпаратқа, агрессивті контентке немесе қауіпті онлайн қауымдастықтарға тап болуы мүмкін.
Сондықтан ата-ананың міндеті баланың желіде өткізетін уақытын қадағалаумен ғана шектелмейді. Оның қандай ақпарат қарайтынын және интернеттегі қарым-қатынасы қалай қалыптасып жатқанын түсіну де маңызды.
Интернетті шамадан тыс пайдаланудың белгілері қандай?
Баланың телефонды жиі қолдануы міндетті түрде тәуелділік қалыптасқанын білдірмейді. Алайда экран алдында ұзақ уақыт өткізу оның күнделікті әдеттеріне әсер етуі мүмкін.
Дарья Байндыева ата-аналарға баланың мінез-құлқындағы өзгерістерге назар аударуға кеңес береді.
«Егер бала интернетте ұзақ уақыт әрі бақылаусыз отырса, бұл оның психологиялық жағдайына кері әсер етуі мүмкін. Мұндай әдет біртіндеп тәуелділікке ұласуы ықтимал. Дегенмен баланың телефонды жиі қолдануы бірден тәуелділік бар дегенді білдірмейді», – дейді маман.
Психологтің айтуынша, баланың бұрын қызыққан іс-әрекеттеріне ынтасының төмендеуі, телефоннан ажырай алмауы немесе құрылғыны алып қойған кезде қатты ашулануы назар аударуды қажет ететін белгілер болуы мүмкін. Бірақ мұндай өзгерістердің өзі медициналық немесе психологиялық диагноз қоюға негіз болмайды.
Маман экран уақытын баланың жас ерекшелігіне қарай реттеуді ұсынады.
«Мен балалар психологі ретінде екі жасқа дейін экран көрсетуді ұсынбаймын. Тек басқа қалада тұратын ата-әжесімен бейнеқоңырау шалуға болады. Ал мультфильм көру немесе әлеуметтік желілерді бірге айналдырудың қажеті жоқ», – дейді Дарья Байндыева.
Оның кәсіби ұсынымы бойынша, екі жастан кейін экран уақытын күніне 15–30 минутпен, ал мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балалар үшін бір сағатпен шектеген жөн.
Бұл көрсеткіштер – психологтің жеке кәсіби ұсынымдары, барлық балаға бірдей қолданылатын бірыңғай ресми норматив емес. Экран уақытын анықтағанда баланың жасы, оқу қажеттілігі, ұйқы режимі мен физикалық белсенділігі де ескерілуі тиіс.
Жасөспірімдерге қатысты жағдай күрделірек. Олар интернетті сабақ оқу, ақпарат іздеу және қосымша білім алу үшін де пайдаланады. Сондықтан маман экран уақытынан бөлек, оның қандай мақсатқа жұмсалатынына назар аударуды ұсынады.
Агрессивті ойындардан баланы қалай қорғауға болады?
Балалардың цифрлық қауіпсіздігіне қатысты маңызды мәселелердің бірі – компьютерлік ойындардың мазмұны.Дарья Байндыева барлық ойындарды бірдей қауіпті деп қарастыру дұрыс емес екенін айтады. Дегенмен олардың жас шектеулерін ескерту қажет.
«Компьютерлік ойындардың барлығы бірдей баланы агрессивті ету мақсатында жасалмайды. Олардың негізгі мақсаты – пайдаланушыны ойынға тарту, қызықтыру және ақылы қызметтерді тұтынуға ынталандыру», – дейді психолог.
Оның пікірінше, 18+ санатына жататын ойындарды кәмелетке толмағандардың пайдалануына жол бермеген дұрыс. Сонымен қатар смартфондағы ата-ана бақылауы функцияларының өзі баланың қауіпсіздігіне толық кепілдік бермейді.
«Бұл жерде ата-ананың бақылауы маңызды. Алайда тек телефондағы ата-ана бақылауы функциясына сеніпқалуға болмайды. Одан да тиімдісі – баланың цифрлық құрылғыларды пайдалану мәдениетін отбасында қалыптастыру», – деп атап өтті Дарья Байндыева.
Маман ата-аналардың өздері де телефонды саналы пайдалануға үлгі болуы қажет екенін айтады. Себебі балалар ересектердің күнделікті әрекетін қайталауға бейім.
Телефонды тартып алу мәселені шешуі мүмкін бе?
Баласының смартфонды шамадан тыс пайдаланатынын байқаған кейбір ата-аналар құрылғыны бірден алып қоюға тырысады. Алайда психолог мұндай тәсілдің орнына алдымен баланың интернетке не үшін жиі жүгінетінін анықтауды ұсынады.
«Мұндай жағдайда ең алдымен баланың телефоннан не іздейтінін түсінуіміз керек. Бірі қарым-қатынас жасағысы келеді, екіншісі өзгелердің мойындауын күтеді, ал енді бірі іш пысқандықтан телефонға жүгінеді. Кей балалар бос уақытын тиімді өткізуді әлі үйренбеген», – дейді Дарья Байндыева.
Маманның айтуынша, баланың қажеттілігін ескермей енгізілген күрт шектеулер ашулану мен мазасыздық тудыруы мүмкін. Сондықтан интернетті пайдалану тәртібін қалыптастырумен қатар, оның бос уақытын тиімді ұйымдастыру қажет.
«Ең маңыздысы – телефонның орнына нақты балама ұсыну. Баланы бос уақытын тиімді өткізуге, сыртқы ортадан қызығушылық табуға үйрету керек. Түрлі үйірмелерге қатыстыруға болады. Бала телефоннан іздейтін қажеттілігін шынайы өмірде де қанағаттандыра алуы қажет», – деп түсіндірді психолог.
Спорт, шығармашылық үйірмелер, достарымен қарым-қатынас және отбасымен бірге уақыт өткізу баланың қызығушылықтарын дамытуға көмектеседі. Бұл әлеуметтік желілер мен онлайн ойындарға шамадан тыс әуестенудің алдын алуға ықпал етуі мүмкін.
Бала қауіпсіздігі ортақ жауапкершілікті талап етеді
Мектептегі буллинг пен интернеттегі қауіптердің сипаты әртүрлі болғанымен, олардың алдын алуда ортақ міндет бар. Ол – баланың мәселесін уақытында байқап, қажетті көмек көрсету.
Қазақстанда буллинг пен сталкингке қатысты жауапкершіліктің енгізілуі, мектептерге полиция қызметкерлерінің бекітілуі және профилактикалық шаралардың жүргізілуі құқықтық қорғау тетіктерін күшейтеді. Алайда олардың тиімділігі құқық бұзушылықтардың ерте анықталуына және зардап шеккен балалардың нақты қолдау алуына байланысты.
Ал интернетте қауіпсіз мінез-құлық қалыптастыру үшін ата-ананың техникалық бақылауы ғана жеткіліксіз. Баланың жас ерекшелігін, психологиялық қажеттіліктерін және күнделікті қызығушылықтарын ескеру маңызды.
Ержан Жаксылыков пен Дарья Байндыеваның пікірлері балаларды қорғауда құқықтық жауапкершілік пен отбасындағы тәрбиенің бірін-бірі толықтыратынын көрсетеді. Мемлекеттік органдар қауіптің алдын алу және заң талаптарының орындалуын қамтамасыз ету бағытында жұмыс жүргізсе, мектеп пен ата-ана баланың күнделікті өміріндегі өзгерістерді бірінші болып байқай алады.
Сондықтан балалар қауіпсіздігін қамтамасыз етудің басты өлшемі жүргізілген тексерулердің немесе енгізілген шектеулердің саны емес, әр баланың өзін қауіпсіз сезінуі және қажет болған жағдайда дер кезінде көмек ала білуі болуы тиіс.