Қазақстанда 11 мемлекеттің жетекші жоғары оқу орындары өз филиалдарын ашқан
Мемлекет басшысының айтуынша, жоғары білім беру саласындағы халықаралық ықпалдастықты дамытуға ерекше мән беріліп отыр. Қазір Қазақстанда стратегиялық әріптестік жөніндегі 40 келісім жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды Astana TV.
«Елімізде 11 мемлекеттің жетекші университеттері өз филиалдарын ашты. Осы білім ордаларында 12 мыңнан астам студент оқиды, сондай-ақ 1,5 мыңға жуық оқытушы жұмыс істеп жатыр. Олардың қатарында шетелден келген 600-ден астам профессор бар», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан осы аймақта алғашқы болып Еуропадағы Лиссабон және Азия-Тынық мұхиты аймағындағы Токио конвенцияларына қосылды.
Бұл – қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры, бұрынғы Білім және ғылым министрі, елші Жансейіт Түймебаевтың арқасы. Соның нәтижесінде енді Қазақстан университеттерінің дипломдары Батыс және Шығыс елдерінде мойындалатын болды, – деп атап өтті президент.
Сонымен қатар қазір Қазақстанда білім алғысы келетін шетел жастарының саны да көбейіп жатыр. Былтыр елімізде басқа мемлекеттерден келген 31 мың студент оқып жатқанын айтқан едім. Қазір олардың саны 41 мыңға жетті. Соның ішінде 8 мыңнан астам студент Қазақстанның қаржылай қолдауымен білім алуда. Бұл – Тәуелсіздік жылдары ішіндегі ең жоғары көрсеткіш.
«2029 жылға қарай 100 мың шетел студентін тарту ойымызда бар. «Қазақстанда білім ал!» деген ұлттық бастамамыз осы міндетті іске асыруда маңызды рөл атқарады деп сенемін», – деді Мемлекет басшысы.