Қазақстан – Орталық Азияның академиялық хабына айналуы тиіс. Соңғы 4 жылда салалық министрлік президент тапсырмасымен осы бағытта табанды еңбек етті. Әлемнің алдыңғы қатарлы 33 университеті аймақтық жоғарғы оқу орындарында өз филиалдарын ашты. Нәтижесінде Қазақ еліне мамандық алуға келген шетелдік студенттер саны соңғы бір жылда 10 мыңға артты. Стратегиялық мақсат жолында тағы қандай келісімдер жасалады? Айсәуле Съезбек тарқатады.
АЙСАУЛЕ СЪЕЗБЕК, ТІЛШІ:
Елімізде ғылымды қаржыландыру көлемі 590 млн долларға жетті. Соңғы жеті жылда Үкімет білім беру гранттарына бөлінетін қаржыны екі есе көбейткен. Ең бастысы - ғылымдағы халықаралық байланыс нығайып, стратегиялық серіктестермен 40 келісім жүзеге асырылуда. 11 елдің жетекші университеттері өңірлерде өз филиалын ашты. Онда 12 мыңнан астам студент қос дипломды бағдарламасымен білім алуда.
ГҮЛЗАТ КӨБЕНОВА, Қ.ЖҰБАНОВ АТЫНДАҒЫ АҚТӨБЕ ӨҢІРЛІК УНИВЕРСИТЕТІНІҢ РЕКТОРЫ:
33 шетелдік беделді ЖОО қазір қазақстандық ЖОО-лармен бірлесе отыра студенттерді даярлауда. Бірлесе ғылыми зерттеулерді жүргізуде. Ал біздің Ақтөбе өңірінде Қ.Жұбанов университетінде біздің серіктес Ұлыбританияның HERIOT UNIVERSITY. Қазіргі сәтте төрт курсында 600-ден астам студенттер білім алуда. Алғашқы түлектер 2027 жылы ЖОО аяқтайды.
Жаһандық инновациялар индексінде Қазақстан биыл аймақ елдері арасында көш бастады. Дегенмен әлемдік бәсеке қызған шақта арқаны кеңге салуға болмайды. Қасым-Жомарт Тоқаев ғылым өкілдерінің халықаралық шиеленістердің азаюына қосатын үлесі өте маңызды екенін атап өтті. Алдағы жоспар – Қазақстанды Орталық Азияның академиялық хабына айналдыру.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Біз кейінгі уақытта қол жеткізген бірқатар жетістігімізді мақтан тұтамыз. Мәселен, 18 университетіміз биылғы QS World University Rankings тізіміне енді. Сонымен қатар Қазақстанның 10 жоғары оқу орны 2027 жылғы Times Higher Education рейтингіне қосылды. Қазақстан жоғары білімнің, ғылымның және халықаралық академиялық ынтымақтастықтың өңірлік орталығы ретіндегі позициясын дәйекті түрде нығайтуды көздейді.
АЙСАУЛЕ СЪЕЗБЕК, ТІЛШІ:
Қазақстан шетелдік студенттер үшін де білім ордасына айналып келеді. Қазір елімізде 41 мың шетелдік студент білім алады. Ал 2029 жылға қарай бұл көрсеткішті 100 мыңға жеткізу көзделіп отыр. Осы мақсатта «Қазақстанда білім ал!» ұлттық бастамасы жүзеге асырылмақ.
САЯСАТ НҰРБЕК, ҚР ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ БІЛІМ МИНИСТРІ:
Ең үлкен жаңалық бүгін өздеріңіз естідіңіздер БҰҰ бас хатшысының орынбасары Тшилидзи Марвала өзі келді. Алматыда енді өңірлік БҰҰ университетінің штаб-квартирасы ашылатын болады. Бұл университеттің ерекшелігі – су қауіпсіздігі, тұрақты даму, климаттық өзгеріс осындай жақсы үлкен экспертизасы бар университет. Бұл тек Қазақстанға ғана емес, бүкіл үлкен аймаққа қызмет етеді.
Академиялық хабтың екінші кезеңінде өңірлік ғылымды дамытуға мән беріледі. Баяғыдай университеттерді мегаполистерде ғана ашу деген жоқ. Дарынды балалар шетелге кетпей-ақ әлемдік деңгейдегі білімге қол жеткізеді.