Елдің әр өңірінде Мемлекет басшысының бастамалары кеңінен түсіндірілді

  • AstanaTV
  • 19 қараша 2026

Елдің әр өңірінде Мемлекет басшысының бастамалары кеңінен түсіндірілді. {КСМ} Мәселен, Жетісу облысының Кербұлақ ауданында кездесуге 80-ге жуық ауыл тұрғыны жиналған. Жиында ауылдық жердегі құрылыс, инфрақұрылым, білім ошақтары мен әлеуметтік нысандардың жағдайы халық үшін ең өзекті тақырып екені айтылды. 

 ГҮЛЖАН ҚАМАНБАЕВА,  «ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫ КЕРБҰЛАҚ АУДАНДЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Жолдаудың негізгі бағыттары ол келесі жылдан бастап халықтық құрылыс бағдарламасы болатындығын біз түсіндіріп жатырмыз. Ол бағдарламаға сай мемлекет тарапынан 6 жарым триллион ақша бөлінетіні жөнінде халықты құлақдар етіп жатырмыз. Сонымен қатар әлеуметтік нысандар салынатыны, әсіресе ауылдық жерлерге қажетті әлеуметтік нысандар, білім саласындағы, мәдениет және медицина саласына қатысты нысандардың бой көтеретіні жөнінде ақпараттандырып жатырмыз халықты.

 Ал Түркістанда осы бағыттағы түсіндіру жұмысы спорт саласының мамандарымен жалғасты. Партияның өңірлік өкілдері Олимпиадалық резерв даярлау орталығының ұжымымен бас қосып, адами капитал, сапалы білім, жастар әлеуеті және спорт инфрақұрылымын дамыту мәселелеріне тоқталды. Кездесуде жас таланттарды табу, олимпиадалық резервті әзірлеу, спортшыларға жағдай жасау, материалдық-техникалық базаны нығайту мәселелері сөз болды. 

ҚАЛЫЙМА ЖАНТӨРЕЕВА, «ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Спортшылар қауымы өте отаншыл келеді. Өйткені олар көк тудың желбірегенін көзімен көрген, қолымен ұстаған азаматтар. Оларға отаншылдық туралы, елжандылық туралы айтпаса да көп болмайды. Дегенмен, бұлар ерекше түсінетін азаматтар. 

 Ал Көкшетауда  көлік пен логистика саласының мамандарын жинады. «Қазақстан темір жолына» қарасты Ақмола магистральдық желі бөлімшесінде теміржолшылар, вокзал қызметкерлері және ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері бас қосып, транзиттік әлеуетті арттыру, теміржол мен жол инфрақұрылымын жаңғырту, Көкшетау - Петропавл тасжолын кеңейту, жұмысшы мамандардың мәртебесін көтеру, цифрландыру, инвестиция және ауыл шаруашылығын дамыту мәселелерін талқылады.