Merci, шампунь, дезодорант: Оралда супермаркеттерден тауар ұрлаған күдікті ұсталды

Фото: ЖИ

Орал тұрғыны бірнеше дүкеннен 22 қорап Merci шоколадын ұрлаған

Орал қаласында бірнеше супермаркеттен косметикалық және азық-түлік тауарларын ұрлады деген күдікпен 44 жастағы тұрғын ұсталды, деп хабарлайды Astana TV. 

Жақында қаладағы базар маңында орналасқан супермаркеттердің бірінде ұрлық дерегі тіркелген. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері күдіктінің жеке басын анықтап, оны ұстады.

Алдын ала мәлімет бойынша, ер адам дүкен сөрелерінде еркін сатылымда тұрған тауарларды байқатпай алып шығуды әдетке айналдырған. Алғашқы жағдайда ол Head & Shoulders және Elseve шампуньдарын курткасының қалталарына жасырып, дүкеннен еш кедергісіз шығып кеткен.

Кейін сол супермаркетке қайта оралып, дәл осындай тәсілмен Merci шоколадтарын ұрлаған. Жалпы, аталған дүкеннен 11 флакон шампунь мен 14 қорап шоколад жымқырған.

Бірнеше күннен кейін күдікті базар маңындағы тағы бір супермаркетке барып, 8 қорап Merci шоколадын ұрлаған. Араға бір-екі күн салып, келесі сауда орнына кіріп, сөрелерде тұрған 10 құты Old Spice дезодорантын қолды еткен.

Қазіргі уақытта аталған деректер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне қатысты өзге мәліметтер жария етуге жатпайды. Осыған байланысты полиция қызметкерлері сауда орындарында қауіпсіздік шараларын күшейтуге, бейнебақылау камераларын орнатуға және тауарлардың сақталуына мұқият болуға шақырады.