17 желтоқсаннан бастап Атырау арқылы Астрахань мен Ташкент арасында халықаралық жолаушылар пойызы қатынайды
Өзбекстан Көлік министрлігінің мәліметінше, №149/150 пойыз аптасына бір рет қатынайды. Жаңа бағыт Атырау тұрғындарының Өзбекстанға теміржол арқылы қатынауына қосымша мүмкіндік береді, деп Astana TV тілшісі Aikyn.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
№150 пойыз 17 желтоқсаннан бастап әр бейсенбі күні сағат 18:00-де Ташкенттің орталық теміржол вокзалынан шығып, сенбі күні сағат 19:00-де Астраханьға жетеді.
Ал кері бағыттағы №149 пойыз алғашқы рейсін 20 желтоқсанда орындайды. Ол әр жексенбі күні сағат 02:01-де Астраханьнан аттанып, сейсенбі күні сағат 04:35-те Ташкентке келеді.
Жарияланған ақпаратқа сәйкес, пойыз Ақсарай, Ганюшкино, Атырау, Бейнеу және Самарқанд станциялары арқылы өтеді. Екі қаланың арасындағы жол шамамен екі тәулікке созылады.
Билеттер пойыз жөнелетін күнге 45 тәулік қалғанда сатылымға шығарылады.
Жаңа халықаралық бағыт Қазақстан, Өзбекстан және Ресей арасындағы теміржол қатынасын кеңейтуге мүмкіндік береді.