Мемлекет басшысы Мұхтар Әуезов атындағы университетке ұлттық мәртебе беру туралы шешім қабылдады

Фото: ашық дереккөз

Бұл шешім жоғары оқу орнының дамуы үшін жаңа мүмкіндіктер ашады

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өткен Стратегиялық серіктестердің III халықаралық форумында Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетіне ұлттық мәртебе беру туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді. Аталған бастама еліміздің оңтүстік өңіріндегі жоғары білім мен ғылымды дамытуға, Шымкент қаласының ғылыми-білім беру әлеуетін нығайтуға бағытталған маңызды қадам болмақ, деп хабарлайды Astana TV.

«Халқымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетіне ұлттық мәртебе беру туралы шешім қабылдадым. Әуезов университеті – аймақтағы ең ірі жоғары оқу орны. Шаһардағы әрбір бесінші студент осы университетте оқиды. Ұлттық мәртебе білім ордасымен қатар құзырлы министрлікке де зор жауапкершілік жүктейді. Сондықтан Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті сапалы білімнің, терең ғылымның ошағы, аймақтың зияткерлік орталығы болуға тиіс», – деді Президент.

Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетіне ұлттық мәртебе беру туралы шешім жоғары оқу орнының дамуы үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Бұл университеттің білім беру және ғылыми-зерттеу әлеуетін одан әрі арттыруға, халықаралық академиялық байланыстарын кеңейтуге, ғылыми әзірлемелерді өндіріске енгізуге және өңір экономикасының қажеттіліктеріне сәйкес жоғары білікті мамандар даярлауға жаңа серпін береді.

Бүгінде университет еліміздің оңтүстік өңіріндегі жетекші жоғары оқу орындарының бірі ретінде білім беру, ғылым және инновация бағыттарын дамытуға үлес қосып келеді. Оқу орнының көпжылдық тәжірибесі, қалыптасқан ғылыми мектептері мен кадр даярлау әлеуеті оның өңірлік ғылыми-білім беру жүйесіндегі маңызды орнын айқындайды. Сондай-ақ Шымкент қаласында Аризона штаты университетінің (Arizona State University) білім беру бағдарламасы іске асырылып жатыр.

Мемлекет басшысының шешімі аясында университеттің зерттеу қызметін күшейту, ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты тереңдету, халықаралық білім беру және ғылыми жобаларды кеңейту мәселелері ерекше маңызға ие болады. Бұл бағыттар өңірдің ғылыми-технологиялық дамуына, жаңа зерттеу бастамаларын іске асыруға және бәсекеге қабілетті кадрлар даярлауға ықпал етеді.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі үшін де бұл шешім университеттің сапалы білім мен озық ғылымды ұштастыратын, өңірдің зияткерлік дамуына ықпал ететін жетекші орталық ретінде қалыптасуына қолдау көрсету жөніндегі жауапкершілікті арттырады.

Ұлттық мәртебе беру туралы шешім – Мұхтар Әуезов атындағы университеттің ғана емес, тұтастай оңтүстік өңірдің ғылыми-білім беру әлеуетін дамытудағы маңызды кезең.