Ұлытауда полицейлер 77 жастағы әйелге көмектесті
Түнгі сағат 03:00 шамасында "102" арнасына көпқабатты үй тұрғынынан көрші пәтерлердің бірінен әйел адамның көмек сұрағанына ұқсас дыбыстар естіліп жатқаны туралы хабарлама түсті. Алайда хабарласқан тұрғын дыбыстың нақты қай пәтерден шыққанын анықтай алмаған, деп хабарлайды Astana TV.
Оқиға орнына учаскелік полиция инспекторлары Нұржан Чойбеков пен Шынасыл Әсілхан дереу жетті. Тәртіп сақшылары көрсетілген кіреберістегі пәтерлерді тексергенімен, ешқандай дыбыс естілмеді. Оқиғаның көзге көрінетін белгілері болмаса да, полицейлер дыбыс шыққан жерді іздеуді жалғастырды. Тексеру барысында инспекторлар дыбыстың көрші кіреберістен шығып жатқанын анықтады. Ғимаратты сыртынан айналып шыққан олар төртінші қабаттағы пәтерлердің бірінен жарық жанып тұрғанын байқады. Алайда есікті бірнеше рет қаққанымен, ешкім ашпады. Пәтер ішінде шұғыл көмекке мұқтаж адам болуы мүмкін деп күдіктенген полицейлер дереу құтқарушыларды шақырды. Арнайы автосаты көмегімен қызметкерлер төртінші қабаттағы балкон арқылы пәтерге кірді. Пәтер ішінде 77 жастағы әйел болған. Белгілі болғандай, егде жастағы әйел түнде өзін жайсыз сезініп, төсектен өз бетімен тұра алмағандықтан балаларын шақырмақ болған. Олардың назарын аудару үшін қабырға мен еденді қаққан. Алайда пәтерде болған туыстары қатты ұйықтап жатқандықтан, оның көмек сұрағанын естімеген. Ал күмәнді дыбыстарды естіген көршісі бейжай қалмай, бірден полицияға хабарласқан.
— Есікті ешкім ашпағандықтан, пәтер ішіндегі адамның өміріне қауіп төніп тұруы мүмкін деп болжап, құтқарушылармен бірге балконнан кіруге шешім қабылдадық. Ең бастысы, әжейдің аман-есен болғаны, — деді учаскелік полиция инспекторы Нұржан Чойбеков.
Оның әріптесі Шынасыл Әсілхан да күмәнді дыбыстар туралы дер кезінде хабар берген қырағы көршіге алғысын білдірді.
Хабарласқан тұрғынның қырағылығы, полицейлердің кәсібилігі және құтқарушылармен жедел бірлескен іс-қимылдың арқасында түскен хабарлама дер кезінде тексеріліп, егде жастағы әйелдің қауіпсіздігіне көз жеткізілді. Қазіргі уақытта әйелдің өмірі мен денсаулығына ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ.