Авазада ТМД Парламентаралық Ассамблеясы Кеңесінің 61-ші пленарлық отырысы қарсаңында Құрылтай Төрағасы Айбек Дәдебай Түрікменстан Меджлисінің Төрағасы Дуньягозель Гулмановамен кездесті.
Құрылтай спикері түрікмен әріптестеріне қонақжайлылықтары үшін алғыс білдіріп, Түрікменстан Меджлисін ТМД Парламентаралық Ассамблеясына бақылаушы болғанымен құттықтап, ұлттық парламенттің мұндай мәртебені алғаш иеленіп отырғанын атап өтті, деп хабарлайды Astana TV.
Сондай-ақ, ол Түрікменстанның 2026 жылы ТМД-ға төрағалық етуші ел ретінде БҰҰ мен ТМД арасындағы байланысты нығайту бастамасын жоғары бағалап, БҰҰ-ның тиісті қарарының қабылдануымен де құттықтады.
Қазақстандықтар бауырлас түрікмен халқына ыстық ықыласпен қарайтынын атап өткен Айбек Дәдебай Президент Сердар Бердімұхамедовтің басшылығымен стратегиялық бағыттарды жүзеге асырып жатқан Түрікменстанға табыс тіледі.
Екіжақты қарым-қатынастарға тоқталған Құрылтай Төрағасы Түрікменстанды Қазақстанмен ғасырлар бойы достық пен тату көршілік байланыстыратын стратегиялық серіктес және жақын ел деп атады.
– Мемлекеттеріміздің басшылары қазақ-түрікмен ынтымақтастығын нығайтуға зор күш салуда. Бірлескен күн тәртібі энергетика, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, транзит және көлік, білім мен мәдениет салаларын қамтып, дәйекті түрде кеңейіп келеді. Екі ел парламентшілерінің міндеті – жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды іс жүзіне асыруға ықпал ету, – деп атап өтті Құрылтай Төрағасы.
Айбек Дәдебай әріптесіне Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауқымды саяси реформаларының негізгі кезеңі – бір палаталы Құрылтайға көшу туралы айтып берді. Жаңа Құрылтай заңнамалық процесті жеделдетіп, мемлекеттік басқаруды ашық әрі ұтымды етуге тиіс. Құрылтай құрамына бес партиядан 145 депутат енді, оның 49-ы әйелдер қауымы. Бүгінде Құрылтайда Түрікменстан Меджлисімен ынтымақтастық жөніндегі топ құрылған.
Өз кезегінде Дуньягозель Гүлманова қазақстандық әріптестерін Құрылтайдың құрылуымен және саяси реформалардың табысты жүзеге асуымен құттықтап, бауырлас Қазақстанның одан әрі өркендеуіне тілектестігін білдірді. Түрікменстан Меджлисінің басшысы екіжақты және көпжақты ынтымақтастықты кеңейтуге, сондай-ақ парламентаралық байланыстарда гендерлік өкілдікті нығайту мәселелеріне айрықша тоқталды.
Тараптар өңіраралық өзара іс-қимылды дамытуға да ерекше назар аударды. Құрылтай Төрағасының пікірінше, шекаралас аймақтардағы тұрақты байланыстар тікелей іскерлік қатынас орнатуға және сауда, логистика, мәдениет салаларында жаңа бірлескен жобаларды бастауға септігін тигізеді. Ал екі елдің парламенттері өз тараптарынан осындай бастамаларға қолдау көрсете алады.