Астанада мас күйде көлік басқарған жүргізуші жауапқа тартылды

Polisia.kz

Астанада мас күйде көлік басқарған 42 жастағы жүргізуші жауапқа тартылды, деп хабарлайды Astana TV.

Оқиға түнгі сағат 02:45 шамасында Құдайбердіұлы даңғылында болған. Рысқұлбеков көшесінен Манас көшесіне қарай қозғалған Lada автокөлік жүргізушісі полиция қызметкерлерімен тоқтатылды. Тексеру барысында 42 жастағы азаматтың алкогольдік масаң күйде көлік басқарғаны анықталды.

Аталған дерек бойынша жүргізушіге қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабы 1-бөлігімен әкімшілік іс қозғалды. Құқық бұзушы заңнамада көзделген тәртіппен жауаптылыққа тартылды. Айта кетейік, мас күйде көлік басқару – жол қозғалысы қауіпсіздігіне төнетін ең қауіпті қатерлердің бірі. Мұндай жүргізушілер тек өз өміріне ғана емес, жолаушылар мен өзге де жол қозғалысына қатысушылардың өміріне қауіп төндіреді. Осыған байланысты елорда полицейлері мас жүргізушілерді анықтау және жолын кесу бағытындағы профилактикалық жұмыстарды, оның ішінде арнайы жедел-профилактикалық іс-шаралар аясында күшейтуде.