Қазақстанның оңтүстігінде жалпы ұзындығы 270 шақырымға жуық суару каналы автоматтандырылды

gov.kz

 

2026 жылы Су ресурстары және ирригация министрлігі Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарындағы жалпы ұзындығы 267,6 шақырым болатын суару каналын автоматтандыру жұмыстарын аяқтады

Жамбыл облысында жалпы ұзындығы 156,5 шақырымды құрайтын Сол жағалау айналма каналына, Фурманов айналма каналына және «Базарбай» каналына ультрадыбыстық су шығынын өлшегіштер мен радарлық су деңгейін өлшеуіштер орнатылды, деп хабарлайды Astana TV.

Сонымен қатар Түркістан және Қызылорда облыстарындағы жалпы ұзындығы 112,1 шақырым болатын төрт магистральдық каналға автоматтандырылған су деңгейін өлшеуіштер орнату жұмыстары аяқталды. Олардың қатарында Д. Алтынбеков атындағы канал, Үлкен Келес магистральдық каналы, Қызылорда су торабының оң жағалау магистральдық каналы және «Байқадам» каналы бар.

«Бұл жұмыстар су ресурстарын дәл есепке алуға және тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Әсіресе, вегетация кезеңінде оның маңызы зор. Автоматтандыру және цифрлық құралдарды енгізу – Қазақстанның су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғыртудың негізгі бағыттарының бірі. Нәтижесінде еліміздің су қорын басқарудың бірыңғай жүйесі қалыптасып, суды бөлу процесі барынша ашық болады»,– деді Су ресурстары және ирригация министрлігі Цифрландыру департаментінің директоры Ердәулет Жұмат.
 

Айта кетейік, еліміздің оңтүстік өңірлерінде су шаруашылығы инфрақұрылымын кешенді жаңғырту аясында жалпы ұзындығы 857 шақырым болатын 103 суару каналын автоматтандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл 65 мың гектар суармалы жерді қамтиды. Бұдан бөлек, бұған дейін реконструкциядан өткен жалпы ұзындығы 1 184 шақырым болатын 270 каналды автоматтандыру жұмыстары да қолға алынған.