Naqty Onim мобильді қосымшасының пайдаланушылары тауар кодтарын 2,2 миллионнан астам рет сканерлеген
Қазіргі таңда цифрлық технологиялар экономиканың барлық саласына еніп, өндіріс, сауда және логистика жүйелерін түбегейлі өзгертіп келеді. Цифрландыру үдерісі тек электрондық қызметтерді дамыту немесе құжат айналымын автоматтандырумен шектелмейді. Ол тауарлардың өндірушіден бастап соңғы тұтынушыға дейінгі қозғалысын бақылауға, өнімнің түпнұсқалығын анықтауға және көлеңкелі экономиканың үлесін азайтуға мүмкіндік беретін жаңа тетіктерді де қамтиды. Елдегі тауарларды цифрлық таңбалау және қадағалау жүйесі жайлы Astana TV тілші зерттеп көрді.
Қазақстанда тауарларды цифрлық таңбалау экономиканы жаңғырту, ішкі нарықтың ашықтығын қамтамасыз ету және тұтынушылардың құқықтарын қорғау бағытындағы маңызды бастамалардың біріне айналды. Бұл жүйе тауардың әрбір бірлігіне арнайы цифрлық код беру арқылы оның өндірілген немесе импортталған сәтінен бастап сатылғанға дейінгі қозғалысын бақылауға мүмкіндік береді.
Цифрлық таңбалау – жай ғана тауар қаптамасына штрих-код немесе QR-код орналастыру емес. Бұл – тауар туралы ақпаратты бірыңғай цифрлық жүйеде тіркеп, оның айналымының әр кезеңін бақылауға негізделген технологиялық инфрақұрылым.
Қазақстанда тауарларды цифрлық таңбалау және олардың қозғалысын қадағалау жүйесі 2020 жылдан бері дамып келеді. Бүгінде жеті тауар тобы міндетті таңбалауға жатады. Жүйе іске қосылғалы бері 9 миллиардтан астам таңбалау коды жасалып, тауар айналымына қатысатын 100 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісі тіркелді.
ҚР Президентінің көмекшісі Қуанышбек Есекеев жобаны дамытудың келесі басым бағытын атап өтті. Ол – жинақталған ақпаратты нарықтарды талдау және басқарушылық шешімдер қабылдау үшін пайдалану.
«Мемлекет басшысы өз Жолдауында нақты нәтижеге қол жеткізудің маңыздылығын ерекше атап өтті. Цифрландыру қолданыстағы процестерді олардың экономикалық тиімділігін ескермей автоматтандырумен ғана шектелмеуі тиіс. Цифрлық таңбалаудың стратегиялық болашағы таңбаланатын тауарлар тізімін одан әрі кеңейтуден гөрі, жүйеде жинақталатын деректерді мемлекеттің қаншалықты тиімді пайдалана алатынына байланысты», – деді Қуанышбек Есекеев.
Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова цифрлық таңбалаудың экономикалық нәтижелерімен қатар әлеуметтік және экологиялық тұрғыдан да пайдасы бар екенін атап өтті.
Мәселен, дәрілік заттарды таңбалау азаматтарға тегін берілуге тиіс дәрі-дәрмектердің дәріханалар арқылы сатылу жағдайларын анықтауға мүмкіндік береді.
Ал киік дериваттарын таңбалау өнімнің заңды шығу тегін және оның қозғалысын қадағалауға көмектеседі. Бұл заңсыз айналымға қарсы күресуге және жануарлар дүниесін қорғау саласындағы халықаралық талаптарды сақтауға ықпал етеді.
Бірінші вице-министр адал жұмыс істейтін кәсіпкерлердің мүдделерін қорғауға, отандық өндірушілер мен импорттаушылар үшін тең бәсекелестік жағдай қалыптастыруға ерекше назар аударды.
«Біз үшін таңбалау жүйесінің бизнеске қосымша кедергі келтірмей, керісінше, оның мүмкіндіктерін кеңейтуі аса маңызды», – деді Айжан Бижанова.
Жүйенің нақты нәтижелерінің бірі – қазақстандық экспорттаушылар үшін рәсімдердің жеңілдетілуі. Атап айтқанда, енді ресейлік таңбалау кодтарын Қазақстанның цифрлық жүйесі арқылы тікелей алуға болады. Бүгінде бұл мүмкіндік 19 тауар тобын қамтиды және отандық өндірушілерге өнімдерін Ресей нарығына шығаруға дайындау процесін жеңілдетеді.
Отандық өндірушілермен және халықаралық нарық қатысушыларымен ынтымақтастықты дамытуға бағытталған меморандумдарға қол қойылды. Атап айтқанда, «ADAL TAUAR» кәсіпкерлер одағымен және Procter & Gamble компаниясымен ынтымақтастық туралы келісімдер жасалды.
Тұтынушылардың мүдделеріне де ерекше көңіл бөлінді. Naqty Ónim мобильді қосымшасы арқылы азаматтар сатып алатын тауары туралы ақпаратты өз бетінше тексеріп, анықталған ықтимал заңбұзушылықтар туралы хабарлай алады.
«Сондықтан біз үшін таңбалау тек экономикалық мәселе емес. Бұл, ең алдымен, азаматтарымыз сатып алатын тауарға деген сенім мәселесі», – деп атап өтті Айжан Бижанова.
Naqty Onim мобильді қосымшасының пайдаланушылары тауар кодтарын 2,2 миллионнан астам рет сканерлеген. Бұл туралы Tañba тауарларды таңбалау және қадағалау жөніндегі бірыңғай операторының бас директоры Бикеш Құрманғалиева мәлімдеді.
Naqty Onim сатып алушыларға тауарды сатып алар алдында оның таңбалануы туралы мәліметтерді тексеруге және ықтимал заңбұзушылықтар жөнінде хабарлауға мүмкіндік береді. Ол үшін қосымшадағы сканерді ашып, тауардың қаптамасындағы немесе заттаңбасындағы Data Matrix цифрлық таңбалау кодын сканерлеу жеткілікті.
Қосымша таңбалау және қадағалау жүйесінде бар мәліметтерді көрсетеді: тауардың атауы, өндірушісі, сипаттамалары және кодтың мәртебесі. Тауар тобына қарай оның құрамы, сериялық нөмірі, өндірілген күні, жарамдылық мерзімі және қозғалысы туралы ақпарат та қолжетімді болуы мүмкін.
«Біз сатып алушылардың тауар таңбасын тексеруі жарамдылық мерзімін қарау сияқты күнделікті дағдыға айналғанын қалаймыз. Адам тауардың ақысын төлемей тұрып, ол туралы мәлімет ала алуы керек. Naqty Onim бұл ақпаратты қолжетімді етеді: қаптамадағы кодты сканерлеу жеткілікті. Ал сәйкессіздік туралы хабарлау мүмкіндігі тұтынушыларға өз құқықтарын қорғаудың нақты құралын ұсынып, нарықтың ашықтығын арттыруға көмектеседі», – деді Бикеш Құрманғалиева.
Осы уақытқа дейінгі сканерлеулердің ең үлкен үлесі темекі өнімдеріне – 39,7%, аяқкиімге – 23,4% және дәрілік заттарға – 18,7% тиесілі. Қосымша арқылы биологиялық белсенді қоспаларды, сыра мен сыра сусындарын, сондай-ақ майлау материалдарын да тексеруге болады. Сканерлеу деректеріне сәйкес, тауарлардың 88,5%-ы жүйеден табылған, ал 11,5%-ы табылмаған.
«Қазақтелеком» АҚ Басқарма төрағасы Бағдат Мусин жүйенің технологиялық мүмкіндіктері мен оны жетілдірудің негізгі бағыттарын таныстырды.
Негізгі назар цифрлық инфрақұрылымның сенімділігіне, тауар айналымына қатысушылардың жүйеге оңай қосылуына және платформаны кәсіпорындарда қолданылып жүрген есепке алу жүйелерімен біріктіруге аударылды.
Бағдат Мусиннің айтуынша, цифрлық шешімдерді әзірлеу кезінде әртүрлі тауар нарықтарының ерекшеліктерін, өндірістік процестерді және кәсіпорындардың жұмыс ауқымын ескеру қажет.