Алматыда көпқабатты үйлердің бірінде лифт үш жылдан бері жұмыс істемейді

  • AstanaTV
  • 20 қараша 2026

Алматыдағы Ақкент шағынауданындағы көпқабатты үйлердің бірінде лифт үш жылдан бері жұмыс істемейді. Салдарынан тұрғындар күн сайын баспалдақпен қатынауға мәжбүр. Әсіресе, қарттар, мүмкіндігі шектеулі жандар мен кішкентай баласы бар аналарға қиын. Бірі баласын көтеріп жүрсе, енді бірі денсаулығына қарамастан қабаттарды жаяу бағындырады. Тұрғындар жауапты мекемелерге бірнеше рет шағымданғанымен, мәселе әлі шешілмеген. 

ҒАЗИЗА ӘМІРБЕК, ТІЛШІ:

Бұл жеделсатының істен шыққанына үш жыл болған. Содан бері тұрғындар күн сайын баспалдақпен жоғары-төмен қатынауға мәжбүр. Әсіресе, жоғарғы қабаттарда тұратын қарттар мен кішкентай баласы бар аналарға қиын. Айтуларынша, баспалдақпен көтерілу де, түсу де үлкен машақатқа айналған.

Тіпті мүмкіндігі шектеулі жандар сыртқа шықса, қайта үйіне кіре алмай қаламыз деп қорқады. Сондықтан кейбірі апталап үйден шықпай отыруға мәжбүр. Ал лифт жұмыс істеп тұрған күннің өзінде, істен шығып, ішінде қамалып қалған кездері де болған.

ҚАРЛЫҒАШ ТҮСІПБЕКОВА, ТҰРҒЫН:

Біздерге, үлкен адамдар бар, қасымызды инвалид апаларымыз бар, инвалид балам бар жүре алмайтын, садиктен әкелетін балам бар. Ішінде қалғандағы қорқынышты айту мүмкін емес. Давлением көтеріліп скорый шақырған күннің өзінде скорый астыға түс деп жатыр. Мен қалай астыға түсемін?! Скорый өзі көтеріле алмайды. Өйткені лифт істемейді. 

ГҮЛЗАТ ЕРМЕКБАЕВА, ТҰРҒЫН:

Мысалы жана мен түскен кезде баламен қиналдым. Көршіміз баламызды алып түседі. Коляскамызды көтере алмай сүрініп қала жаздаған кездеріміз де болды. Мына баланы ұстаймын ба, әлде колясканы ұстаймын ба?

Пәтер иелері кооперативі  лифтіні ауыстыруға қаражат бөлмейтінін, жаңасын  орнату үшін тұрғындардың өздері ақша жинауы керек дейді. Ал лифтке қызмет көрсетуге жауапты компанияның хабарлауынша, қажетті қосалқы бөлшектер жеткізілген соң жөндеу жұмыстары басталып, екі күн ішінде аяқталмақ.

Тұрғындар лифтінің тезірек жөнделіп, қайта іске қосылуын талап етеді. Өйткені үш жылға созылған қолайсыздық әсіресе қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға ауыр тиіп отыр. Енді тұрғындар жауапты тараптың уәдесі сөз жүзінде қалмай, нақты орындалғанын күтеді.