Агроөнеркәсіп өнімдері экспортының көлемі екі есе ұлғайып, 7 миллиард долларға жуықтады

  • AstanaTV
  • 20 қараша 2026

Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенінде соңғы жеті жылда өндіріс көлемі артып, экспорттық әлеует күшейді. Азық-түлік өндірісі 28 пайызға өсті. Салаға 2,7 триллион теңге инвестиция тартылып, агроөнім экспорты 7 миллиард долларға жуықтады. Дегенмен экономикалық өсім ауылдағы барлық мәселе шешілді деген сөз емес. Мемлекеттік қолдаудың тиімділігі, бөлінген қаражаттың қайтарымы – әлі де өзекті. Сондықтан президент Үкіметке салаға серпін беретін тетіктерді қайта қарауды тапсырды. Ауыл еңбеккерлерінің үшінші форумынан Айсауле Съезбек толығырақ баяндайды. 

Мәди Есқараев Ақмола облысында мал шаруашылығымен айналысады. Биыл мемлекеттік бағдараламен 1 млрд 693 млн теңге қарыз алған. Еуропадан асыл тұқымды сиыр, Австралиядан мәрмәр етті қымбат қой алдырған. Екінші кәсібі – Түркістан облысында. Бау-бақша өсіреді. Жемістердің құнарлығын сақтап, құрғату технологиясымен өндіріс ашпақ ниетте. Бірақ газ тарту кезеңінде бюрократияға ұшырағанын айтады. 

 МӘДИ ЕСҚАРАЕВ, "АҚКӨЛ-АГРО" КОМПАНИЯСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Мен қазір зауытты ашып қойдым, ішіне құрылғыны қойып қойдым. Газдың құбырын жүргізіп қойдым. Бірақ газ бермей отыр. Қағазбастылыққа кемі жарты жыл кетейін деп тұр. 

Президент форумда дәл осы мәселенің өзектілігін көтерді. Үкіметке жаңа өндіріс нысандарын инженерлік желілерге уақтылы қосатын бірыңғай тәртіп әзірлеуді тапсырды. Екінші мәселе – сақтандыру. Қуаңшылық, жайылымдардың тозуы мен климаттық тәуекелдер тұрақты табысқа тікелей әсер етеді. Сондықтан ауыл еңбеккерлерін сақтандыруға ынталандыру маңызды. Саланы қолдауға арналған бағдарламалардың тиімділігін де тексеретін кез келді.  

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Мәселен, қазірдің өзінде «Ауыл аманаты», «Ауыл – ел бесігі», «Кең дала», «Береке», «Жайлау», «Игілік», «Сыбаға» және тағы басқа бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр. Әрине, әр жоба осы саладағы өзекті мәселелерді шешу үшін жазылады.  Бірақ сол жұмыстың бәрі қаншалықты тиімді жүзеге асырылып жатыр? Меніңше, бұл – заңды сұрақ. Бізге бағдарламаның саны емес, ауыл шаруашылығының сапалы дамығаны керек.

Ауылдағы өндіріс тұрақты табыс көзіне айналуы қажет. Ол үшін өнімді сақтау, өңдеу және өткізу жолдарын қалыптастыру жүйелі болуы шарт.  Қазір ауыл кәсіпкерлері үшін цифрлық сауда алаңдары мен логистикалық қызметтердің қолжетімділігі маңызды. Өйткені өндірілген өнім нарыққа жетпесе, шаруаның еңбегі толық экономикалық нәтиже бермейді. Мал басын есепке алу жүйесін жетілдіріп, зертханалық диагностиканың сапасын арттыру қажет. Жаңа нарықты игеруге дайындық керек. 

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

 Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымының ұйғарымына сәйкес, Қазақстан ящур ауруынан таза аймақ ретінде танылды. Бұл – ет және басқа да мал шаруашылығы өнімдерін сыртқы нарыққа шығару үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашылады деген сөз.  Соны тиімді пайдалану керек. Үкімет өнімдерді экспортқа шығаруға кедергі келтіретін тосқауылдарды жоюға тиіс

Биыл 24,5 млн тонна астық жиналды. Бұл-  көпжылдық орташа көрсеткіштен едәуір жоғары. Отандық агроөнмідер әлемнің 72 еліне экспортталады. Президент 2030 жылға дейін суармалы егіс алқабының көлемін 1 млн 300 мың гектарға жеткізуді міндеттеді. Ол үшін озық ғылыми тәсілдер мен заманауи технологияларды енгізуге күш салу керек. Бұл -азық-түлік импортындағы  тәуелділікті төмендетудің төте жолы.