Мұғалімдердің жұмысы автоматтандырылған

  • AstanaTV
  • 20 қараша 2026

Білім сапасын арттыру мұғалімнің кәсіби әлеуетіне тікелей байланысты. Алайда ұстаздың уақыты дамуға емес, түрлі есеп пен құжат толтыруға жұмсалса, бұл оқу үдерісінің тиімділігіне де әсер етпей қоймайды. Сондықтан педагогтердің жұмысын автоматтандыру – білім саласын цифрландырудағы маңызды міндет. Бұл туралы Мемлекет басшысы да өз жолдауында ерекше атап өтті. Технологияларды мектеп қабырғасында ұтымды қолданып жүрген Назарбаев зияткерлік мектептерінің тәжірибесімен тілшіміз танысып қайтты. 

Назарбаев Зияткерлік мектептерінде цифрландыру мәселесі жүйелі түрде шешімін тауып келеді. Соның бір мысалы – педагогтердің кәсіби қызметін ұйымдастыруға арналған «NIS USTAZ» платформасы. Білім беру бағдарламалары орталығы директорының орынбасары Дархан Сейтмолдиевтің айтуынша, платформа мұғалімдердің жұмысын жеңілдетіп, нормативтік және әдістемелік материалдарды бір жерге жинақтауға мүмкіндік береді.

ДАРХАН СЕЙТМОЛДИЕВ, БІЛІМ БЕРУ БАҒДАРЛАМАЛАРЫ ОРТАЛЫҒЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 Мұғалім егерде таңдап отырса  мына жерде бірінші тоқсан, алтыншы сынып, пән, бірінші апта деген кезде сабақ тақырыбын, оқу мақсаттарын, дағдыларын платформа автоматты түрде береді. Жоспарлау процесі жеңілдейді. Мұғалімдер бұл жерде материалдың жартысын толтырмайды. Сонымен қатар бір материалды бірнеше адам кіріп бірге жоспарлай алады. 

18 жылдың ішінде зияткерлік мектеп ел ішінде ғана емес, халықаралық деңгейде үздік нәтиже көрсетіп отыр. Бүгінге дейін 26 мың оқушы түлеп ұшса, соның 91 %-ы грант иеленген. 21,7 %-ы шетелдік жоғары оқу орындарына түскен. Соңғы бес жылда НЗМ-нің 5 мыңға жуық  оқушысы халықаралық олимпиадаларда бес мыңға жуық жүлде жеңіп алған. 

АНУАР ЖАНҒОЗИН, НЗМ ДЕРБЕС БІЛІМ БЕРУ ҰЙЫМЫНЫҢ  БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

 Биыл тамыз конференциясында Мемлекет басшысы педагогтерді аттестаттау процесін оңтайландыру бойынша ерекше атап өтті. Сол бойынша бізде жақсы тәжірибеміз бар. Бұл процесс бізде толықтай автоматтандырылған. Жеке цифрлық платформа бар. Осылайша әр педагог өз даму жолын алдағы бес жылға жоспарлап, арнайы жүйеде көптеген деректерді толтырады. 

Мұнда оқушылар ғылыми-зерттеу жұмыстарына басымдық береді. Нақты мәселелердің шешімін іздеп, идея ұсынып, оны тәжірибе жүзінде жасайды. Осындай ізденістің бір нәтижесі – оқушылар әзірлеген «Tenzo» жобасы. Бұл – қолдың қимыл-қозғалысын қалпына келтіруге арналған экзоскелет. Қазіргі уақытта жоба Ұлттық балаларды оңалту орталықтарында сынақтан өткізіліп жатыр.

СЕМЕН ЧИСТЯКОВ, НЗМ ОҚУШЫСЫ:

Әлемдегі адамдардың 20 проценттен астамында буын немесе сүйекке байланысты мәселелері бар. Ал оны оңалту үшін өте көп ақша және уақыт керек. Осының шешімін табу үшін біз „Tenzo“ жобасын жасадық. 

АСЫЛЖАН САЙЛАУ, НЗМ ОҚУШЫСЫ:

Біздің жобамыздың басты ерекшелігі – оның салмағы. Құрылғы небәрі 800 грамм. Бұл оны кез келген жерде қолдануға мүмкіндік береді. Екіншіден, „Tenzo“ басқа экзоқаңқалармен салыстырғанда 100 есе арзан. Біздің жоба барлық қолдың жарақаттарын орнатуға келеді.  

Зияткерлік мектептің әр оқушысы «NIS MEKTEBI» платформасын пайдаланады. Онда білім алушылар академиялық мақсаттармен шектелмей, өзін-өзі дамытуға бағытталған жеке жоспарларын қояды. Ал мұғалімдер сол арқылы шәкірттерінің прогресін  бақылап, қиындықтар туса, қол ұшын созады.