Түркістан облысында «Бәйдібек ата» су қоймасындағы құрылыс жұмыстарын аяқтауға 1,2 млрд теңге бөлінді

  • AstanaTV
  • 20 қараша 2026

Түркістан облысында «Бәйдібек ата» су қоймасының құрылысын аяқтауға 1 миллиард 200 миллион теңге бөлінді. Нысан биылғы жылдың соңына дейін пайдалануға берілуі тиіс. Жаңа су қоймасы 9 мың 700 гектар егістік алқапты қосымша сумен қамтамасыз етпек. Су қоймасы 68 миллион текше метр су жинауға есептелген. Мұнда көктемгі тасқын су жиналып, жазда егін суаруға пайдаланылады. Сонымен қатар қолданыстағы «Бөген» су қоймасына қосымша су жіберіледі. Бұл әсіресе су тапшылығынан қиындық көріп отырған шаруалар үшін маңызды. Өңірде 573 мың гектар суармалы жер бар. Қазір жаңа қоймалар салынып, ескі каналдар жаңартылып жатыр. Сондай-ақ су үнемдейтін технологияларды енгізу жұмыстары жалғасуда.

ЖАНДОС СӘЛІМОВ, ҚР СУ РЕСУРСТАРЫ ЖӘНЕ ИРРИГАЦИЯ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

Су қорын маусымға қарай реттеп, егіншілік кезеңінде суға сұранысы артатын шаруашылықтарды тұрақты сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Су қоймасы пайдалануға берілгеннен кейін, 9,7 мың гектар жерді қосымша су көлемімен қамтамасыз ету көзделген. Бұл суармалы егіншілікпен айналысатын шаруашылықтардың сумен қамтылу сенімділігін арттырып, су апшылығының алдын алу және ауылшаруашылық алқаптарын сумен қамтамасыз етуді жақсартуға ықпал етеді.