Мемлекет басшысының Жолдауы еліміздің әр өңірінде талқыланып жатыр

  • AstanaTV
  • 20 қараша 2026

Қазақстан Еуразиядағы маңызды көлік-логистикалық тораптардың бірі ретіндегі орнын нығайтуды көздеп отыр. Ол үшін теміржол инфрақұрылымын жаңғыртып, жаңа бағыттарды дамыту және цифрлық технологияларды енгізу қажет. Осы және өзге де мәселелерді «Әділет» партиясының мүшелері Ақтөбе қаласында «Қазақстан темір жолы» компаниясының қызметкерлерімен кездесуде талқылады. Мемлекет басшысы Жолдауында көлік саласын дамытудың жаңа міндеттерін айқындады. Басым бағыттардың қатарында теміржол желілерін салу, инфрақұрылымды жаңарту және халықаралық логистикалық дәліздерді дамыту бар. «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясында өткен кездесуде қатысушылар осы жоспарларды жүзеге асыру жолдарын және сала мамандарына қойылатын бүгінгі талаптарды талқылады.

ТАЛҒАР ӘБІЛОВ,  М. ОСПАНОВ АТЫНДАҒЫ БҚМУ РЕКТОРЫ:

"Президентіміз өзінің Жолдауында технологиялық жаңғыруды, цифровизация мәселесін және жасанды интеллектті экономиканың барлық салаларына енгізуді талап етті. Бұл талап Қазақстан Темір Жолы ұлттық компаниясына да тікелей қатысты, себебі заманауи басқару, басқару саласын, цифрлық логистиканы және қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ететін инновациялық шешімдерді енгізу осы Қазақстан Темір Жолы ұлттық компаниясының болашақтағы бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын негізгі стратегиялық бағыт болып табылады"

Өнеркәсіпті дамыту, отандық кәсіпорындарды қолдау және жаңа жұмыс орындарын ашу мәселелерін партиялықтар  Қазақстан арматура-оқшаулағыш зауытының жұмысшыларымен талқылады. Кәсіпорында 50-ге жуық адам еңбек етеді. Зауыт жылына 1,5 миллионнан астам оқшаулағыш өндіреді. Өнімнің жартысынан көбі әлемнің 10 еліне экспортталады. Өндіріс өкілдерінің айтуынша, өнеркәсіпті дамыту үшін отандық өнім үлесін арттыру аса маңызды.

САМАТ МҮКЕНОВ, ҚАЗАҚСТАН АРМАТУРА-ОҚШАУЛАҒЫШ ЗАУЫТЫНЫҢ БАСҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:

Бұл Қазақстандағы тауар өндірушілер мен өндірістік кәсіпорындар үшін өте тиімді. Мұндай бастама отандық өнім көлемін арттырып, өнеркәсіп орындарының әлеуетін нығайтуға және импортты алмастыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ елімізде өндірілетін өнімнің үлесін көбейтіп, жергілікті кәсіпорындардың инфрақұрылымын дамытуға жол ашады.

«Әділет» партиясының Павлодар облыстық филиалында педагогикалық ұжымдармен кездесу өтті. Жиында білім сапасын арттыру, білім беру инфрақұрылымын жаңғырту, мұғалімдерді қолдау және жас ұрпақтың жан-жақты дамуына жағдай жасау мәселелері сөз болды. Ашық диалог форматында өткен кездесуде қатысушылар өзара пікір алмасып, ұсыныстарын ортаға салды. 

БӘКІР ДЕМЕУОВ,  ҚАЛАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС ТӨРАҒАСЫ, «ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Біздің жастарымыз  заманауи қазіргі техниканы толық пайдаланып, бойындағы қабілеттерін сол заманауиды ретімен пайдаланып, елге ерекше үлестерін қосу керек. Біз жас мемлекетпіз. Жастардың саны 30 пайыздан асады. 40 пайызға жақын.  Сол себепті болашағымызға зор сенім бар. Мықты дамимыз - деп.