Озық шешімдердің игілігін көріп отырған шаруа қожалықтары аз емес. Президент ауыл шаруалығына ЖИ-ді кеңінен енгізу қажеттігін айтты, деп хабарлайды Astana TV.
Мен Жолдауда ауыл шаруашылығы саласына цифрлық технологияларды, соның ішінде жасанды интеллектіні кеңінен енгізу қажет екенін айттым.
Бүгінде озық шешімдердің игілігін көріп отырған шаруа қожалықтары аз емес.
Мысалы, Солтүстік Қазақстанда осындай кәсіпорындар бар. Атап айтқанда, «Ақселеу» шаруашылығы өндірісті цифрлық басқару және жер серігі арқылы бақылау жүйелерін енгізді.
Есепке алу жұмысы да автоматты түрде жұмыс істеп жатыр.
Шаруашылық ауыл-аймақтың әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға да ерекше көңіл бөліп отыр.
Мәселен, тұрғындар орталықтан жылыту жүйесімен және таза ауыз сумен қамтамасыз етілген.
Кәсіпорын мектепке, спорт кешеніне және басқа да әлеуметтік нысандарға тұрақты түрде қолдау көрсетуде.
Осылайша, цифрландырудың арқасында ауыл шаруашылық өндірісінің тиімділігі, оның бәсекеге қабілеті артып, жалпы ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасы жақсаруда.
Сондықтан басқа да шаруа қожалықтары осы мүмкіндіктерді өз аймақтарында қолданғаны жөн деп санаймыз, – деді Президент.