Аграрлық кредиттік корпорация мен «ҚазАгроҚаржының» қолданыстағы инвестициялық құралдары өтінімдерді ұзақ қарайды әрі рәсімделу тәртібі қиын, сондай-ақ цифрландыру жағы жеткілікті деңгейде емес. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің үшінші форумында мәлімдеді, деп хабарлайды Astana TV.
Президент Үкіметке «Бәйтерек» холдингімен және қаржы нарығын реттеуші органмен бірлесіп 2027 жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін агросекторға арналған инвестициялық құралдардың бірыңғай тізбесін ұсынуды тапсырды.
Мемлекет басшысы екінші деңгейлі банктер ауыл шаруашылығын кредиттеуге белсенді атсалысуы керектігіне де тоқталды.
«Бұл жөнінде де ұдайы айтып жүрміз. Әлбетте, оңай шаруа емес. Өйткені банктер – жекеменшік.
Осы ретте кредитті шаруаларға қолайлы шартпен ұзақ мерзімге беру қажет.
Қарызды өтеу кестесінде нақты өндіріс циклі ескерілуге тиіс және инвестициялық кезеңде негізгі берешектің төлемін кейінге шегеру мүмкіндігі болғаны жөн.
Фермерлер кредиттің алғашқы төлемін жабу үшін егінін жинап бола сала, өнімін арзан бағаға сатып жіберуге мәжбүр. Бұған жол беруге болмайды. Үкімет пен министрлік осы мәселені шешуге кірісуі керек.
Әрине, мұны тілек қана емес, тапсырма деп түсініңіздер. Бәріміз бір елде тұрамыз, бір ауамен тыныстаймыз, бір жердің суын ішеміз.
Сондықтан табыста аса үлкен алшақтық болмауы керек. Қаржы көздеріне қолжетімділік туралы түсінікте де айырмашылық болмағаны жөн.
Шаруалар да мемлекетіміз көптеген, соның ішінде көрші елдермен салыстырғанда ауыл шаруашылығы саласына орасан зор қаржы құйып жатқанын түсінуге тиіс. Мұнда масылдыққа орын жоқ. Яғни бөлінген қаражат мақсатқа сай тиімді жұмсалуы керек», – деді Президент.