Ауылдағы жеке тұрғын үй аумағында трактор өртенді

ТЖМ

«Ауыл құтқарушылары» еріктілері өртті сөндірді

Жетісу облысы Сарқан ауданы Екіаша ауылында орналасқан өрт сөндіру бекеті өз маңыздылығын тағы бір мәрте дәлелдеді. Бүгінгі шақырту бекет жұмысын бастағалы бері он бірінші рет тіркелді. Бұған дейін де бекет қызметкерлері бірнеше рет өрт сөндіруге шыққан, деп хабарлайды Astana TV.

Ауылдағы жеке тұрғын үй аумағында трактор өртенді. Оқиға орнына Сарқан қаласының өрт сөндіру бөлімшесі мен Екіаша ауылының өрт сөндіру бекетінің қызметкерлері жіберілді. Алайда аудан орталығынан өрт сөндірушілер жеткенге дейін жергілікті бекет қызметкерлері өртті өз күштерімен сөндіріп үлгерді.

Айта кетейік, аудан орталығы мен ауылдың арақашықтығы шамамен 30 шақырымды құрайды. Шалғай елді мекен тұрғындары жедел көмекке қол жеткізіп, аудан орталығынан өрт сөндірушілердің келуін күтпеуі үшін ауылдық өрт сөндіру бекеттері құрылады.

Екіаша ауылындағы өрт сөндіру бекетінің жұмысы мұндай бөлімшелердің ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуде қаншалықты маңызды екенін көрсетеді.

Зардап шеккендер жоқ. Өрттің шығу себебі анықталуда.