FlyArystan әуе компаниясы жолаушылардың билет ақшасын қайтару, қосымша төлемдерден бас тарту және шағым түсіру құқығын шектейтін ережелер қолданған. Бұл заңбұзушылықтар Сауда және интеграция министрлігі жүргізген тексеру кезінде анықталған. Алайда компания министрліктің талабымен келіспей, сотқа жүгінген. Десе де сот әуе компаниясының шағымын қанағаттандырмай, министрлік шешімін заңды деп таныды, деп хабарлайды Astana TV.
Министрлік мәліметінше, тексеруге жолаушылардың бірінің шағымы себеп болған. Осыдан кейін Алматы қаласындағы Сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің мамандары тиісті комитет және Астана қалалық департаментінің қызметкерлерімен бірлесіп, FlyArystan компаниясына жоспардан тыс тексеру жүргізген.
Тексеру барысында әуе компаниясының ішкі ережелерінен жолаушылардың мүддесіне қайшы келетін бірнеше талап анықталған. Атап айтқанда:
-
компания тасымалдау шарттарын біржақты өзгерткен;
-
әуе тасымалдаушысының жауапкершілігі шектелген;
-
кейбір қосымша төлемдер негізсіз алынған;
-
жолаушылардың билет ақшасын қайтару құқығы шектелген;
-
тұтынушыларға қажет ақпаратты беру талаптары сақталмаған;
-
жолаушылардың жазбаша шағым жіберу мүмкіндігі шектелген.
Осы заңбұзушылықтардан кейін министрлік FlyArystan-ға ішкі ережелерін Қазақстан заңнамасына сәйкестендіріп, анықталған кемшіліктерді жоюды міндеттеген.
Алайда әуе компаниясы тексерудің де, министрлік берген нұсқаманың да заңдылығына күмән келтіріп, оны сот арқылы жоюға тырысқан.
2026 жылы 21 шілдеде Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты компанияның талабын қанағаттандырмады. Кейін апелляциялық сот та бұл шешімді өзгеріссіз қалдырды.
Сот тұтынушылардың құқығын қорғау органдарының әуе тасымалы саласында тексеру жүргізуге құқығы бар екенін растады. Сонымен қатар министрліктің FlyArystan-ға берген нұсқамасын заңды әрі негізді деп таныды.