Асаубаева қанша сыйақы алды?

TotalChessі

Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева Будапештте өткен Total Rapid Chess 2026 турниріндегі өнерін аяқтады, деп хабарлайды Astana TV.1Бол!-ға сілтеме жасап.

Америкалық Эндрю Хонгпен өткен екінші күнгі кездесулерде де отандасымыз қарсыласына 7:13 есебімен есе жіберді. Нәтижесінде Хонг 19-орынға тұрақтаса, Бибісара үздік жиырмалықты түйіндеді.

Бұл нәтиже қазақстандық шахматшыға 14 мың доллар (6,3 миллион теңгеден астам) сыйақы алуға мүмкіндік берді.

Асаубаева турнирден кейінгі әсерімен бөлісіп, жарыстың өте ауыр болғанын жеткізді. Оның айтуынша, 10 күн ішінде әлемнің мықты шахматшыларымен 40-тан астам партия өткізу оңайға соқпаған.

«Бұл турнирдің аяқталғанына қуаныштымын. Өйткені ол өте көп күшімді алды. Қатты шаршадым, мұндай болады деп күтпедім», – деді шахматшы Telegram арнасында жариялаған видеосында.

Жарыс жеңімпазы француз Алиреза Фирузджа атанып, 80 мың доллар жүлде алды. Нидерланд өкілі Аниш Гири күміс, америкалық Фабиано Каруана қола медаль иеленді.