Өлтіріп, мәйітін өртеген: 20 жастағы жігіттің өліміне қатысты 9-сынып оқушысы сотталды

Фото: istockphoto.com

Түркістан облысының Леңгір қаласында 20 жастағы жігітті өлтіріп, мәйітін өртеп жіберген кәмелетке толмаған қыз 8 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Astana TV.

Жетінші арна ақпаратынша, қайғылы оқиға қаладағы қараусыз қалған ғимараттардың бірінде болған. Ер адамның денесі табылғаннан кейін тәртіп сақшылары күдікті ретінде 9-сынып оқушысын қолға түсірген.

Тергеу деректеріне сүйенсек, жасөспірім қылмысқа алдын ала дайындалған. Ол оқиғадан бір күн бұрын пышақ сатып алып, жігітті кездесуге шақырған. Кездесу барысында жәбірленушінің кеуде тұсына 5-6 рет пышақ сұғып, оқиға орнынан кетіп қалған. Кейін дүкеннен сіріңке мен тұтанғыш сұйықтық сатып алып, қайта оралған соң марқұмның денесін өртеп жіберген. Сараптама қорытындысы бойынша, мәйіттің 30 пайызын күйік шалған.

Сот процесінде айыпталушы марқұмның өзіне күш көрсетіп, зорламақ болғанын алға тартқанымен, бұл уәж дәлелденбеді. Нәтижесінде сот жасөспірімді Қылмыстық кодекстің «Қасақана адам өлтіру» бабы бойынша кінәлі деп тауып, 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Ол жазасын кәмелетке толмағандарға арналған орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейтін болады.