Жетісуда үш күнде 1346 құқық бұзушылықтың жолы кесілді

Фото: Polisia.kz

Жетісуда "Құқықтық тәртіп" ЖПІШ аясында үш күнде 1300-ден астам құқық бұзушылық анықталды

Жетісу облысында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу және құқықтық тәртіпті нығайту мақсатында өткізілген үш күндік "Құқықтық тәртіп" жедел-профилактикалық іс-шарасының қорытындысы шығарылды, деп хабарлайды Astana TV.

Үш күн ішінде полиция қызметкерлері 1346 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтап, олардың жолын кесті.

Іс-шара барысында қоғамдық орындардағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға, сондай-ақ мас күйінде көлік басқарған жүргізушілерді анықтауға ерекше назар аударылды.

Атап айтқанда:

- қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктерді ішу және масаң күйде жүрудің 160 дерегі;

- заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта тұрғынжайдан тыс жерде жүрген кәмелетке толмағандарға қатысты 133 дерек;

- ұсақ бұзақылықтың 11 дерегі;

- мас күйінде көлік басқарудың 25 дерегі;

- көлік басқару құқығынан бұрын айырылған тұлғалардың көлік басқаруының 6 дерегі анықталды.

Сонымен қатар полиция қызметкерлері профилактикалық есепте тұрған 1929 адамды тексерді. Уақытша бейімдеу және детоксикация орталығына 89 адам жеткізілді.

Жедел-профилактикалық іс-шара аясында полиция қызметкерлері көшелерде, аулаларда, қоғамдық орындарда және ерекше назар аударуды қажет ететін аумақтарда патрульдеу жұмыстарын күшейтті.

​​​​​​​Мұндай іс-шаралардың басты мақсаты – құқық бұзушылықтарды анықтау ғана емес, сонымен қатар қылмыстардың алдын алу, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және заңға бағыну мәдениетін қалыптастыру.

​​​​​​​Жетісу облысының Полиция департаменті қоғамдық тәртіпті сақтау, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және кәмелетке толмағандарды қорғау – әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі екенін еске салады.

"Заң мен тәртіп" қағидаты – қауіпсіз қоғамның негізі. Заң талаптарын сақтау және өзгенің құқықтарын құрметтеу әр азаматтың күнделікті өмірлік ұстанымына айналуы тиіс.

Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жалғасуда.