Кондитерлік фабрика өртеніп, 7 адам қаза тапты: 42 адам іздестіріліп жатыр

Фото: infohub.kz

Өрт Индонезияның Ява аралының батысындағы Серанг ауданында болған. Оқиға кезінде фабрикада 300-ге жуық жұмысшы болған

Индонезиядағы кондитерлік фабрикадан өрт шығып, кемінде жеті адам қаза тапты. Тағы 42 адам хабар-ошарсыз кеткен, деп AstanaTV тілшісі Euronews агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Оқиға сенбі күні түстен кейін Ява аралының батысындағы Серанг ауданында болған. Жалын өндірістік ғимаратты түгел шарпыған. Өртті сөндіру жұмыстары жексенбі күні таңертең аяқталған.

Кәсіпорын иелерінің айтуынша, өрт шыққан кезде фабрикада 300-ге жуық қызметкер жұмыс істеген. Қазір полиция жоғалған жұмысшылардың қайда екенін анықтау үшін олардың туыстарымен байланыс орнатып жатыр.

Мамандар өрттен зардап шеккен ғимараттарды тексеруге кіріскен. Алайда құтқарушылар мен тергеушілер толыққанды іздестіру жұмыстарын үйінділер суып, аумақ қауіпсіз деп танылғаннан кейін бастайды.

Полицияның мәліметінше, қаза тапқандар саны артуы мүмкін. Өйткені 42 адам әлі табылған жоқ.

Өрттің шығу себебі әзірге анықталмаған. Аман қалған жұмысшылардың айтуынша, жалын өндірістік ғимараттың үшінші қабатындағы салқындату қондырғысынан тұтанған.