Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, соңғы аптада респираторлық инфекциялармен сырқаттану 6,8 пайызға төмендеген
Қазақстанда ЖРВИ бойынша эпидемиологиялық жағдай маусымдық деңгейде сақталып отыр. Соңғы аптада ауру жұқтырғандар саны 6,8 пайызға азайған, деп хабарлайды AstanaTV.
Министрлік дерегіне сәйкес, соңғы жеті күнде елімізде жіті респираторлық вирустық инфекцияның 133 052 жағдайы тіркелген. Ал эпидемиологиялық маусым басталғалы бері анықталған науқастардың жалпы саны 1 миллион 453 мың 967-ге жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 28,3 пайызға аз.
1 қыркүйектен бері зертханалық зерттеулер нәтижесінде тұмаудың 297 жағдайы расталған. Оның 295-і – A(H1N1), екеуі B типті тұмау. Өзге респираторлық вирустардың арасында риновирус, бокавирус және аденовирус жиі анықталып отыр.
Тұмаудың алдын алу мақсатында елімізде 2 миллионнан астам адам вакцина алған. Нақты айтқанда, 2 065 649 азаматқа екпе салынған. Бұл жоспарланған көрсеткіштің 93,9 пайызына тең. Вакцина барлық өңірде қолжетімді.
Сонымен қатар инфекциялық аурулармен ауыратын науқастарға медициналық көмек көрсету үшін республика бойынша 13 335 төсек-орын әзірленген. Қазіргі уақытта олардың 63 пайызы қамтылған. Балаларға арналған инфекциялық төсек-орындардың жүктемесі 69,4 пайызды құрайды.
Денсаулық сақтау министрлігі эпидемиологиялық ахуалды тұрақты бақылауда ұстап, медициналық ұйымдардың маусымдық науқастар санының артуына дайындығын тексеріп жатыр.
Дәрігерлер тұрғындарға қолды жиі жуып, бөлмелерді тұрақты желдетуге және науқас адамдармен жақын байланыстан аулақ болуға кеңес береді. ЖРВИ белгілері байқалған жағдайда үйде қалып, қажет болса медициналық көмекке жүгіну ұсынылады.