Манчестерде рэпердің концерті кезінде белгісіз зат шашылды: 12 мыңнан астам көрермен эвакуацияланды
Ұлыбританиядағы ең ірі жабық ареналардың бірі Co-op Live кешенінен көрермендер шұғыл шығарылды. Оқиға салдарынан ондаған адам көзінің ашуы мен тыныс алуының қиындауына шағымданған, деп хабарлайды Astana TV.
Манчестерде америкалық рэпер Дон Толивердің концерті кезінде белгісіз зат шашылып, 12 мыңнан астам көрермен эвакуацияланды. Оқиға әртістің өнер көрсетуі аяқталар тұста болған. Қазір құқық қорғау органдары жағдайды жан-жақты тексеріп жатыр.
Солтүстік-Батыс жедел жәрдем қызметінің мәліметінше, жексенбі күні кешке медицина мамандары оқиға орнында 50-ден астам адамды тексерген. Олардың көбі көзінің ашуы мен тыныс алуының қиындауына шағымданған. Зардап шеккендердің бірі қосымша тексеру үшін Манчестер корольдік ауруханасына жеткізілді.
Оқиғаның салдарын жою үшін аренаға қауіпті аймақтармен жұмыс істейтін арнайы топ жіберілген. Мамандар ғимаратта залалсыздандыру жұмыстарын жүргізді. Полиция мен дәрігерлер концерттен кеткен көрермендерге үндеу жасап, денсаулығы сыр берсе, дереу медициналық көмекке жүгінуге шақырды.
Бастапқыда полиция белгісіз затты көзден жас ағызатын газ болуы мүмкін деп болжаған. Алайда кейін ресми мәлімдемеде оның түрі анықталмағаны айтылды.
CNN телеарнасына сұхбат берген куәгерлер концерт залында түтін мен жарқыл байқалғанын жеткізген. Осыдан кейін жарық қосылып, әртіс сахнадан кеткен.
Көрермендер аренадағы қауіпсіздік шараларына да сын айтты. Олардың сөзінше, кіреберісте сөмкелер тексерілмеген және металл іздегіш құрылғылар қолданылмаған. Сондай-ақ оқиға кезінде қызметкерлер төтенше жағдай туралы бірден хабарламай, алдымен үзіліс жариялаған.
Co-op Live басшылығы қауіпсіздік тексерулеріне қатысты сұрақтарға нақты жауап бермеді. Тек тергеу органдарымен тығыз жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді.
Манчестердегі жағдай Дон Толивердің Еуропадағы Octane (Nitrous кезеңі) әлемдік турнесі кезінде болған алғашқы оқиға емес. Бұған дейін Швейцарияның Цюрих қаласындағы Hallenstadion стадионында өткен концертте де көрермендер арасында бұрыш спрейі қолданылған. Салдарынан дүрбелең туып, полиция ұрлық жасады деген күдікпен төрт адамды ұстаған.
Манчестердегі концерттің тоқтатылғанына қарамастан, 32 жастағы рэпердің алдағы өнер көрсету кестесі әзірге өзгермеген. 23 қарашада Лондондағы O2 аренасында, ал сейсенбі күні OVO Arena Wembley кешенінде концерт беруі жоспарланған.
Айта кетейік, Дон Толивер жуырда «Грэмми-2027» музыкалық сыйлығының бес номинациясына ұсынылған.