Жол апаты кешкі уақытта Доссор – Бейнеу – Ақтау тасжолында болған. Көлік ішіндегі адамдар аман, жүргізуші зардап шеккен жоқ
Маңғыстау облысында тағы да түйе жолға шығып, көлік апатына себеп болды. 22 қараша күні кешке Toyota Camry автокөлігі тасжолда жүрген түйені қағып кеткен, деп AstanaTV тілшісі Lada.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жол апаты сағат 22:26 шамасында республикалық маңызы бар тасжолда болған. Көлік тізгінінде 36 жастағы ер адам отырған.
Соққыдан түйе оқиға орнында өлген. Абырой болғанда, көліктегі адамдар аман қалды.
Жүргізуші Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 610-бабы бойынша жауапқа тартылған. Бұл бап жол қозғалысы ережелерін бұзып, материалдық залал келтіруге қатысты.
Қазір полицейлер түйенің иесін іздестіріп жатыр. Малдың қараусыз қалуына кім жауапты екені анықталған соң, заңға сәйкес шара қолданылады.
Маңғыстауда малдың тасжолға шығып кетуі жиі көтерілетін мәселеге айналған. Әсіресе түнде жол үстіндегі түйені жүргізушілер дер кезінде байқамай қалуы мүмкін. Бұл жолы адам шығыны болмаса да, мұндай жағдайдың соңы қайғылы оқиғамен аяқталуы ықтимал.