Мемлекет басшысы Құрылтай Төрағасы Айбек Дәдебайды қабылдады

Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаевқа Құрылтай жұмысының қазіргі нәтижелері және «Әділет» партиясының қызметі туралы баяндалды

Құрылтай Төрағасы Айбек Дәдебай депутаттар 18 заң қабылдағанын және 38 заң жобасы қаралып жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Astana TV.

Мемлекет басшысы Құрылтайдың бірінші сессиясының ашылуында және Қазақстан халқына Жолдауында айқындаған міндеттерді заңнамалық тұрғыдан іске асыруға басымдық беріліп отыр.

- Жаңа Азаматтық кодекс әзірленіп жатыр. Сонымен қатар балалардың құқықтарын қорғау, педагогтер мен медицина қызметкерлерін қолдау және өзге де әлеуметтік маңызды бағыттар бойынша заңнамалық бастамалар пысықталуда. 2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет қабылданды.Депутаттардың бастамасымен өңірлердегі 52 инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асыру үшін қосымша 47 миллиард теңге қарастырылды. Қаражат жылу, электр, газ және сумен жабдықтау жүйелерін жаңғыртуға, сондай-ақ әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталады, – деді Құрылтай Төрағасы.

Құрылтай төрағасы қабылданған заңдардың орындалуына парламенттік бақылауды күшейту шараларын да таныстырды.

- Атап айтқанда, заңдардың іс жүзінде қолданылу тиімділігі мен қабылданған шешімдердің нәтижесін бағалауға арналған заңнамалық мониторинг жүргізу қағидалары бекітілді. Сонымен қатар заң жобаларын талдау, құқықтық қайшылықтар мен ықтимал тәуекелдерді анықтау үшін e-Quryltai жүйесі және жасанды интеллект технологияларын енгізу жалғасып жатыр. Құрылтайдың қоғамдық қабылдауы мен e-Otinish жүйесі арқылы халықпен кері байланысты нығайту перспективасы талқыланды.

Азаматтар көтерген мәселелер заңнамалық бастамаларды әзірлеу кезінде ескеріледі. Сессия басталғалы өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша 111 депутаттық сауал жолданған.

Айбек Дәдебай сарапшылармен, қоғамдық ұйымдармен, өңірлердегі және халықаралық серіктестермен байланыс нығайып келе жатқанын жеткізді. Әрі мәслихаттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес құрылып, ЮНИСЕФ-пен балалардың құқықтарын қорғау мәселесі бойынша ынтымақтастық орнатылды. Ал Женевада өткен Парламентаралық одақ алаңында жасанды интеллектіге негізделген AI-Quryltai парламенттік платформасы таныстырылды.

Мемлекет басшысына «Әділет» партиясының қызметі туралы да ақпарат берілді

Партия Үкіметпен бірлесіп, 2026–2031 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламаны іске асыру жөніндегі жол картасының жобасын әзірледі. Құжат 303 іс-шараны қамтиды. Олардың орындалуын қадағалау үшін цифрлық мониторинг құралдары енгізіліп жатыр.

Партияның қоғамдық қабылдауына 14 мыңнан астам өтініш түсті. Оның 8,3 мыңнан астамы оң шешімін тапты.

- Партиялық бақылау барысында 300-ге жуық әлеуметтік инфрақұрылым нысаны тексеріліп, анықталған кемшіліктердің 80 пайызға жуығы жойылды. Ал «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында 12 мыңнан астам азаматқа көмек көрсетілді. Сондай-ақ партия сайлаушылардың ұсыныс-тілектерін және тапсырмалардың орындалуын қадағалауға арналған «Әділет.365» цифрлық жүйесін іске қосты, – деп баяндады Айбек Дәдебай. 

Кездесу соңында Құрылтайдың заң шығару қызметі мен партия жұмысының алдағы басымдықтары талқыланды.

Президент тапсырмаларын іске асыру, сайлауалды міндеттемелерді орындау және азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған нақты шешімдер қабылдау мәселелеріне баса мән берілді.