Сотталған әйел түрмеде сүйіктісімен некесін қиды

Фото: Polisia.kz

Абай облысы бойынша ҚАЖ әйелдер колониясында неке қию рәсімі өтті

Абай облысындағы ҚАЖ әйелдер колониясында ерекше оқиға болды. 30 жастағы сотталған әйел өзінің 35 жастағы сүйіктісімен заңды түрде некесін қиды. Бұл күн ерлі-зайыптылар үшін отбасылық өмірдің жаңа кезеңіне бастар қадам әрі шынайы сезімнің арақашықтықты, өмірлік қиындықтар мен сынақтарды еңсере алатынының символына айналды, деп хабарлайды Astana TV.

Неке қию рәсімін АХАТ органының қызметкері Қазақстан Республикасының “Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы” кодексінің талаптарына сәйкес өткізді. Салтанатты рәсім барлық қажетті заңдық талаптар мен дәстүрлер сақтала отырып, тікелей мекеме аумағында ұйымдастырылды.

Алматы облысының 30 жастағы тұрғыны алаяқтық жасағаны үшін алты жылға бас бостандығынан айырылған. Колонияда жазасын өтеп жүрген кезінде ол мекеме қызметкерлеріне үш жылдан астам уақыттан бері қарым-қатынаста болып жүрген азаматпен некесін ресми түрде тіркеу ниеті бар екенін жеткізген. Мекеме қызметкерлері оның бастамасын қолдап, қажетті құжаттарды жинауға және некені мемлекеттік тіркеуге көмектескен.

– Біз үш жылдан астам уақыт бұрын әлеуметтік желі арқылы таныстық. Алғашында жай ғана хат алысып жүрдік, кейін кездесіп, қарым-қатынасымыз жалғасты. Бірге өмір сүруді жоспарлап жүрген едік, алайда тағдырдың жазуымен мен бас бостандығымнан айырылдым. Бастапқыда оның ата-анасы қарым-қатынасымызға қарсы болып, ұлдарының сотталған әйелмен өмірін байланыстырғанын қаламады. Алайда ұзақ әңгімелесуден кейін ол ата-анасының ойын өзгерте алды. Уақыт өте келе олар біздің қарым-қатынасымызды қабылдап, некемізге келісім берді.

Мен бостандығымнан айырылғаныммен, өмірімдегі ең маңызды дүниеге – отбасыма қол жеткіздім. Енді мені күтетін, қандай жағдай болмасын жақсы көріп, қолдайтын жарым бар. Оның сезіміне сенімдімін және мені ешқашан тастамайтынын білемін. Маған қиын болған кезеңде қолдау көрсетіп, неке қию рәсімін ұйымдастыруға көмектескен мекеме қызметкерлеріне алғысымды білдіремін, – деді сотталған әйел.

– Отбасы құру – әр адамның өміріндегі жауапты әрі маңызды қадам. Бас бостандығынан айыру орындарында жүрген сотталғандар да жеке бақытқа, сүйіспеншілікке және отбасын құруға құқылы. Біздің міндетіміз – қолданыстағы заңнама аясында қажетті қолдау көрсету, әлеуметтік пайдалы байланыстарды сақтауға көмектесу және сотталғандардың қоғамға қайта бейімделуіне ықпал ету. Бұл одақ әйелге оң өзгерістерге бет бұрып, бостандыққа шыққаннан кейін жаңа өмір бастауға қосымша мотивация болады деп сенеміз, – деп атап өтті мекеме бастығының орынбасары Акмарал Кайранова.