Теміртау қаласында қоғамдық кеңес мүшелері шағын және орта бизнес өкілдерімен кездесті. Олар Жолдаудың негізгі бағыттарын түсіндірді. Кездесу бүгін бірнеше ұжымда, «Qarmet» кәсіпорнында, сондай-ақ Теміртаудың мәдениет үйінде өтті. Оған жүзден астам тұрғын қатысты. Қалада бүгінде 11 мыңнан астам шағын және орта бизнес тіркелген. Жергілікті ғана емес жалпы Қарағанды өңірінің 36-дан астам шағын және орта кәсіпорны «Qarmet» комбинатымен тікелей өндірістік және жеткізу бағытында жұмыс істейді. Белсенділердің айтуынша, биыл бизнесті одан әрі дамытуға үлкен мүмкіндік туып отыр. Мемлекет басшысы құрылыс және қызмет көрсету салаларын дамытуды тапсырды. Сонымен бірге шағын бизнестің мемлекеттік сатып алуларға қатысу мүмкіндігі артатыны айтылды.
АЯЖАН МАҚАН, «ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
«Мемлекет басшысының жолдауында жаңағы келесі жылды ауқымды құрылыс жылы деп жариялаған еді. Ал ол кәсіпкерлерге қарасты шағын және орта бизнес өкілдеріне де қатысты. Себебеі ол кісілердің пікірін, ұсыныстарын тыңдау маңызды. Арықарай осы бастамаларды жүзеге асыру жолында үлкен рөл атқарады десек болады».
Ал Абай облысында партия өкілдері «Семей орманы» мемлекеттік табиғи резерватының қызметкерлерімен кездесті. Кездесудің негізгі тақырыбы - орман алқаптарын сақтау және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Жиын барысында Мемлекет басшысының Жолдауында айқындалған экологиялық міндеттерді жүзеге асыру және «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы аясында атқарылып жатқан жұмыстар талқыланды. Орманды қорғау тек өртпен күресумен шектелмейді. Тілсіз жаудың алдын алу, орман қорын қалпына келтіру және табиғи байлықты келер ұрпаққа аман жеткізу де аса маңызды. Сондықтан қатысушылар кездесуде резерватты заманауи техникамен қамтамасыз ету, материалдық-техникалық базасын жаңарту және қызметкерлерге қолайлы еңбек жағдайын жасау қажеттігін де атап өтті.
ЛИЛИЯ МҮСЛІМҚЫЗЫ, "ӘДІЛЕТ" ПАРТИЯСЫ АБАЙ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫ САЯСИ КЕҢЕСІНІҢ МҮШЕСІ:
Біздің өңірде ауыл шаруашылығын, өңдеу өнеркәсібін, логистиканы және шағын кәсіпкерлікті дамытуға мүмкіндіктер мол. Алайда басты мақсат – тек шикізат өндіру емес, оны терең өңдеу арқылы қосылған құны жоғары дайын өнім шығару. Жолдаудың негізгі мәні – экономиканы жақсарту, сондай-ақ, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту.