Шымкентте Шенген визасына құжат қабылдау орталығы ашылды

  • AstanaTV
  • 23 қараша 2026

Шымкентте Шенген визасына құжат қабылдау орталығы ашылды. Бұл мегаполистегі аталған бағытта қызмет көрсететін алғашқы пункт. Жаңа нысан қала әкімдігі мен Франция елшілігі арасындағы келісім негізінде іске қосылды. Енді оңтүстік өңір тұрғындары виза рәсімдеу үшін Алматы мен Астанаға сабылмайды. 

Визалық сервисті іске қосу Францияның Қазақстандағы елшілігімен 2025–2028 жылдарға арналған ынтымақтастық жөніндегі жол картасында көзделген. Бұл туралы аппараттық кеңесте туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасының басшысы Бексұлтан Әділханов мәлімдеді. Тұрақты орталықтың ашылу мерзімі әзірге жарияланбағанымен, азаматтар қазірдің өзінде VFS Global сайты арқылы Шымкенттегі уақытша пунктке жазыла алады.

БЕКСҰЛТАН ӘДІЛХАНОВ, ҚАЛАЛЫҚ ТУРИЗМ, СЫРТҚЫ БАЙЛАНЫСТАР ЖӘНЕ КРЕАТИВТІ ИНДУСТРИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Қызылордалықтар үшін, Түркістандықтар үшін Алматы, Астанаға барудың орнына Шымкент қаласына келіп, тапсырған өте тиімді. Ол баға жағынан да, уақыт жағынан да өте тиімді. Ол ішкі туризмге де өзінің оң септігін тигізеді деген ойдамыз. Алты айдың қорытындысына сәйкес Шымкент қаласына жарты жылда 300 мыңға жуық турист келді.

Виза рәсімдеудің қаржылық шарттары да нақтыланды. Қысқа мерзімді визаға 90 еуро, ал ұзақ мерзімді құжатқа 99 еуро консулдық алым төленеді. Виза орталығының сервистік қызметі 28 еуро тұрады. Сондай-ақ мобильді биометрия мен паспортты курьер арқылы жеткізу үшін қосымша 100 еуро алынады. Жалпы шығын 218 еуроны немесе 106 мың теңгеге жуық  қаражатты құрайды.

СИЛЬВАН ГИОГЕ, ФРАНЦУЗ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДАҒЫ ТӨТЕНШЕ ЖӘНЕ ӨКІЛЕТТІ ЕЛШІСІ:

Сайт арқылы онлайн жазылып, белгіленген уақытта қабылдауға келуге болады. Сол жерде құжаттарды тапсырып, саусақ ізін өткізесеңіз, жеткілікті. Құжаттар Астанада қаралады, ал дайын визаны курьер үйіңізге дейін әкеледі. Сондықтан Шымкентке бір-ақ рет келсеңіз болғаны. 

 Орталық мобильді биометриялық жабдықтармен толық қамтылған. Ал алдағы уақытта Италия мен Латвия консулдықтарын ашу жоспарланып отыр.