Жаңаөзенде 500 адамға арналған спорт кешені салынып жатыр

  • AstanaTV
  • 23 қараша 2026

Жаңаөзенде бір мезетте 500 адамды қабылдай алатын жаңа спорт кешенінің құрылысы салынып жатыр. Заманауи нысанда спорттың бірнеше түрінен үйірмелер ашылып, балалар мен жасөспірімдердің тұрақты жаттығуына жағдай жасалады. Кешенді желтоқсан айында пайдалануға беру жоспарланған. 

Спорт кешенінің құрылысы былтыр маусым айында басталған. Жоба «Халық» қайырымдылық қорының демеушілігімен жүзеге асырылып жатыр. Мұнда дзюдо, бокс, кикбоксинг, еркін және грек-рим күресі, волейбол, баскетбол, гимнастика және басқа да спорт түрлерінен секциялар ашылады. Жаңа кешен қала тұрғындарының спортпен тұрақты айналысуына мүмкіндік береді.

ЕЛНҰР ЮСУПОВ, ӨНДІРІСТІК-ТЕХНИКАЛЫҚ БӨЛІМНІҢ ИНЖЕНЕРІ:

Осы заманға сай. Өте керемет, төбесі де биік көрсеңіз болады. Ішінде жылуы да, кедергі жасамай, өйткені ауадағы жылуы, құрылғыдағы жылуы, барлық жайлылық бар. Киім шешінетін, жаттығудан кейін суға түсіп алатын барлық жағдай қарастырылған. 

 Аумағы 3 мың шаршы метрден асатын кешен әсіресе балалар мен жасөспірімдер үшін маңызды. Жаңа спорт залдары олардың бос уақытын тиімді өткізіп, түрлі үйірмелерге қатысуына мүмкіндік береді. Сондай-ақ жастардың салауатты өмір салтына қызығушылығын арттыруға ықпал етеді.

АЙДА ЖАЛҒАСБАЕВА, ҚАЛАЛЫҚ СПОРТ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Қаламызда осындай үлкен спорт кешенінің салынып жатқанына алғысымызды білдіреміз. Рахмет Өтесін атындағы бұл спорт кешені қаладағы екінші ірі спорт нысаны болмақ. Мұнда қала тұрғындарымен қатар, жақын маңдағы ауылдардың балалары да келіп жаттыға алады. Инфрақұрылымымыз көбей берсін, өзіңіз көргендей халқымыз денсаулығын нығайтып жүр. Бұқаралық спортты дамыту үшін осындай кешендерді көбірек салу қажет деп есептеймін.

Жаңа спорт кешені Жаңаөзенде бұқаралық спортты дамытуға серпін бермек. Нысан пайдалануға берілген соң қала тұрғындары мен жақын маңдағы елді мекендердің балаларына спортпен айналысу мүмкіндігі кеңейеді.