Отандық зауыттар тапсырыссыз отыр: 10 триллион теңгенің қайтарымы қайда?

  • AstanaTV
  • 23 қараша 2026

Өңдеу өнеркәсібін өркендетеміз деп бюджет пен Ұлттық қордан 10 триллион теңге жұмсалды. Бірақ арада 16 жыл өтсе де, отандық зауыттар тапсырысқа жарымай отыр. Ал ірі компаниялар қажетті жабдықтың өзін шетелден сатып алады. Мемлекет қаржы құйғанымен, қазақстандық өндірушілер неге өз нарығында бәсекеге түсе алмай жүр? Әріптесім Аяулым Изатқызы тарқатады. 

АЯУЛЫМ ИЗАТҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Шенеуніктердің баяндамасына сенсек, елімізде өңдеу өнеркәсібі қарқынды дамып келеді. Инвестиция көбейген, жаңа зауыттар ашылған, өндіріс көлемі артқан. Агросекторда да атқарылған жұмыс аз емес. Бірақ қағаздағы көрсеткіш пен күнделікті өмірдегі жағдайдың арасы жер мен көктей. Шикізатымыз жетеді, оны өндіруге де қауқарымыз бар. Алайда дайын өнімге келгенде әлі де шетелге жалтақтаймыз. Өз жерімізде өндірілген шикізаттың игілігін неге өзіміз көре алмай отырмыз?

Министрліктің есебінде бәрі керемет. Соңғы он айда өңдеу өнеркәсібі 9,3 пайызға өсіп, 25 жылдағы ең жоғары көрсеткішке жеткен. Жаңа зауыттар ашылып, бұрын-соңды өндірілмеген тауарлар шығарыла бастапты. Бірақ өндірістің өскені кәсіпорындардың жұмысы жүріп тұр деген сөз емес. Өнім қоймада қалып қойса, оның кімге керегі бар? Осыны ескерген билік офтейк-келісімшарттарға үміт артып отыр. Яғни, тапсырыс беруші тауарды алдын ала сатып алуға міндеттеледі.

ЕРСАЙЫН НАҒАСПАЕВ, ҚР ӨНЕРКӘСІП ЖӘНЕ ҚҰРЫЛЫС МИНИСТРІ:

Отандық өндірісті дамытудың тағы бір тиімді жолы – офтейк-келісімшарттар. Яғни тапсырыс беруші өнімді алдын ала сатып алуға кепілдік береді. Ал өндіруші жаңа өндіріс ашуға немесе қолданыстағы өндірісін кеңейтуге міндеттеме алады. Соның арқасында 2023 жылдан бері қатты пайдалы қазбаларды өндіруші компаниялармен 800 миллиард теңгеге жуық сомаға 104 офтейк-келісімшарт жасалды.

104 келісімшарт, 800 миллиард теңге. Әдемі көрсеткіш. Бірақ оның ауқымды мемлекеттік қолдауға қаншалықты әсері бар? Депутаттардың дерегіне сүйенсек, ірі компаниялардың сатып алуындағы отандық өнімнің үлесі мұнай-газ саласында 21 пайызға да жетпейді. Қатты пайдалы қазбаларды өндірушілерде бұл көрсеткіш небәрі 17 пайыз. Яғни миллиардтаған қаржы айналымда жүргенімен, ірі өндірістердің негізгі сұранысын әлі де шетелдік жеткізушілер қанағаттандырып отыр.

 ДАНИЯ ЕСПАЕВА, ҚР ҚҰРЫЛТАЙЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Оффтейк-келісімшарттарды енгізу келісімдерді формальды түрде жасасуға алып келмеуге тиіс. Бізге нақты өндірістік нәтижелер - жаңа кәсіпорындар, технологияларды жергілікті жерде шоғырландыру, бәсекеге қабілетті өнім шығару, қазақстандық үлесті ұлғайту және импортқа тәуелділікті азайту қажет.

Депутаттардың талабы түсінікті: есеп үшін жасалған келісімшарт емес, нақты жұмыс істейтін өндіріс керек. Өйткені мәселе бүгін басталған жоқ. Мемлекет жылдар бойы субсидия беріп, жеңілдетілген қаржыландыру ұсынғанымен, өңдеу өнеркәсібінің экономикадағы үлесі айтарлықтай өзгермеген. Экономикалық саясат, өнеркәсіп және энергетика комитетінің төрайымы Наталья Годунова бөлінген триллиондардың нәтижесі көңіл көншітпейтінін айтты.

НАТАЛЬЯ ГОДУНОВА, ҚР ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ САЯСАТ, ӨНЕРКӘСІП ЖӘНЕ ЭНЕРГЕТИКА КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАЙЫМЫ:

Соңғы жылдары мемлекет өңдеу саласын қолдауға қомақты ресурс бағыттады. Алайда басты мәселе қаржыландыру көлемінде емес, қол жеткізілген экономикалық нәтижеде. Біздің деректер бойынша, 2010 жылдан бері бюджет пен Ұлттық қордан өңдеуші секторды қолдауға кемінде 10 триллион теңге бөлінген. Дәл сол кезеңде саланың жалпы ішкі өнімдегі үлесі 11,3 пайыздан 12,8 пайызға, яғни бар-жоғы 1,5 пайыздық тармаққа ғана өсті. Мұндай өсім мемлекеттік қолдаудың ауқымына сай келе ме?

10 триллион теңге жұмсалды. Бірақ оның қайтарымы қайда? Депутаттар мемлекеттік қолдаудың әр тиынын түгендеп, пайдасы шамалы жобаларды қаржыландыруды қайта қарауды ұсынды. Олардың тағы бір талабы - зауыттарға жай ғана несие беру емес, өнімін кім және қанша көлемде сатып алатынына кепілдік жасау. Ал Өнеркәсіп министрлігі қазақстандық тауарды сатып алуға қойылатын талаптарды күшейтіп, оны орындамағандарға жауапкершілік жүктемек.