Мемлекет басшысы Құрылтай Төрағасы Айбек Дәдебайды қабылдады

Мемлекет басшысы Құрылтай Төрағасы Айбек Дәдебайды қабылдады. Қасым-Жомарт Тоқаевқа Құрылтай жұмысының қазіргі нәтижелері және «Әділет» партиясының қызметі туралы баяндалды.Депутаттар сессия басталғалы 111 депутаттық сауал жолдап, 18 заң қабылдап үлгерген. Ал 38 заң жобасы әлі талқылануда. Жаңа Азаматтық кодекс әзірленіп жатыр. Балалардың құқықтарын қорғау, педагогтер мен медицина қызметкерлерін қолдау жіті назарда. Алдағы 3 жылдық республикалық бюджет қабылданды. Депутаттардың бастамасымен өңірлердегі 52 инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асыру үшін қосымша 47 миллиард теңге қарастырылған. Қаражат жылу, электр, газ және сумен жабдықтау жүйелерін жаңғыртуға, сондай-ақ әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталады, деді Құрылтай төрағасы. 

АЙБЕК ДӘДЕБАЙ, ҚР ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ, «ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Сонымен қатар заң жобаларын талдау, құқықтық қайшылықтар мен ықтимал тәуекелдерді анықтау үшін e-Quryltai жүйесі және жасанды интеллект технологияларын енгізу жалғасып жатыр. Құрылтайдың қоғамдық қабылдауы мен e-Otinish жүйесі арқылы халықпен кері байланысты нығайту перспективасы талқыланды. Мәслихаттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес құрылып, ЮНИСЕФ-пен балалардың құқықтарын қорғау мәселесі бойынша ынтымақтастық орнатылды. Женевада өткен Парламентаралық одақ алаңында жасанды интеллектіге негізделген AI-Quryltai парламенттік платформасы таныстырылды.

Әділет партиясының қоғамдық қабылдауына 14 мыңнан астам өтініш түскен. Оның 8,3 мыңнан астамы оң шешімін тапты. Партиялық бақылау барысында 300-ге жуық әлеуметтік инфрақұрылым нысаны тексеріліп, анықталған кемшіліктердің 80 пайызға жуығы жойылған. Ал «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында 12 мыңнан астам азаматқа көмек көрсетілді.