Швейцарияда 2004 жылдан бері алғаш рет шахматтан әлем чемпионы атағы үшін матч өтеді. Тарихи доданы ұйымдастыруға Қазақстан да үлес қосты
22 қарашада Женева қаласындағы Ұлттар сарайында шахматтан әлем чемпионы атағы үшін өтетін матчтың ресми ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды Astana TV.
Жарыстың тең ұйымдастырушыларының бірі – Қазақстанның БҰҰ және басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілдігі. Айтулы шараның дәл осы жерде өтуі де символдық мәнге ие. 2011-2013 жылдары Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас хатшысының орынбасары қызметін атқарып, ұйымның Женевадағы бөлімшесін басқарған. Сондай-ақ чемпионатқа арналған баспасөз мәслихаты Ұлттар сарайындағы Қазақстан залында ұйымдастырылды.
Биылғы чемпионаттың тағы бір ерекшелігі бар. Бұл – қыркүйек айында Халықаралық шахмат федерациясының (FIDE) президенті болып сайланған қазақстандық Тимур Турловтың басшылығымен өтетін алғашқы әлем чемпионаты.
Әлем чемпионы атағы үшін Үндістанның қазіргі чемпионы, 20 жастағы Гукеш Доммараджу мен Өзбекстан өкілі, 20 жастағы Жавохир Синдаров бақ сынайды. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, бұған дейін шахматтан әлемдік тәж үшін мұндай жас ойыншылар арасында матч өткізілмеген.
Алғашқы партия 24 қарашада ойналады. Қарсыластар жалпы саны 14 партия өткізеді. Жүлде қоры – 2,5 миллион доллар.
Осылайша, Қазақстан әлемдік шахмат додасын ұйымдастыруға тікелей атсалысып, халықаралық спорт алаңындағы рөлін тағы бір мәрте көрсетті.