Алматы облысында 100-ге жуық үйдің тұрғындары баспаналарын заңдастыра алмай отыр

  • AstanaTV
  • 24 қараша 2026

Алматы облысында 100-ге жуық үйдің тұрғындары баспаналарын заңдастыра алмай отыр. Оған ауыл іргесіндегі мал қорымы себеп. Жер телімдері халыққа сатылып, үйлер бой көтергенімен, кейін бұл аумақтың санитарлық-қорғау аймағына кіретіні анықталған. Енді тұрғындар бір жағынан құжат мәселесін шеше алмай, екінші жағынан қорымның жақын орналасуына алаңдап отыр. 

ҒАЗИЗА ӘМІРБЕК, ТІЛШІ:

Ауыл іргесінде орналасқан бұл мал қорымының кесірінен бірқатар үй қызыл аймаққа еніп кеткен. Соның салдарынан тұрғындар өз үйлерінің құжаттарын рәсімдей алмай отыр. Айтуларынша, жер телімдерін сатып алар кезде мұндай шектеу барын ешкім ескертпеген.

Сондай-ақ, тұрғындардың қорымның қоршауынан қаңғыбас иттер өтіп, сүйектерді аулаларға дейін сүйреп әкеледі дейді. Сондықтан жұрт түрлі ауру тарай ма деп қауіптенеді. Әсіресе, жақын маңдағы мектепте оқитын балалардың денсаулығына алаңдаулы.

АНДРЕЙ ДИЯРОВ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

Әкім қалай берген ол жерді сонда? Қалай сатқан онда? Олар документ жасайды, мен документ жасай алмаймын. Мен барсам маған айтады, сен красный зонадасың деп. Сонда 4 үйдің ортасында мен красный зонада қалып қойғанмын ба?!  Не документ жасай алмаймыз, не пропискаға отыра алмаймыз, не құжаттарымызды жөндей алмаймыз. 

АЙЖАН ӘБІТӘЛІ,  АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

Жан-жағына ешқандай санитарлық талаптар сақталмаған. Бұл жерден ит-құс өтіп жатыр забордың ішінен. Одан бөлек олар сүйекті мүжіп, аулаларға апарып, нешетүрлі ауру таратады ма деген біздің күдігіміз бар. 

Ал ауыл әкімі қорымға қазір мал өлекселері тасталмайтынын, аумағы бетонмен жабылып, қоршалғанын айтады. Оның үстіне, нысан ауылдан бір шақырым қашықта орналасқандықтан, санитарлық талап бұзылмаған. Әкім мәселе жаңа мал қорымы ашылып, ескі нысан ресми түрде жабылғанда ғана шешілетінін жеткізді. 

ЕРКІНБЕК АБИРОВ, БЕЛБҰЛАҚ АУЫЛДЫҚ ОКРУГЫНЫҢ ӘКІМІ:

Талғар ауданы Қайнар ауылдық округінде жаңа мал қорымы іске қосылады, пайдалануға беріледі. Қалай пайдалануға берілген кезде, Талдыбұлақ ауылындағы мал қорымын жабу туралы шешім шыққанан кейін заңдастырылады. Үйлерді заңдастыру, жанағы жер учаскілерін заңдастыруға жол ашылады. 

Ауыл әкімі мәселе жыл соңына дейін шешіледі деп уәде берді.