300-ге жуық елді мекен байланыс аясынан тыс жерде. Ауылды былай қойғанда, қаланың өзінде телефонмен тілдесу мүмкін емес деген тұрғындар интернет сапасына наразы. Соған қарамастан ірі ұялы операторлар тариф құнын тағы 10-15 процентке көтеруді көздеп отыр. Бұл халықтың қитығына әбден тисе керек, тұрғындар тарапынан шағым көбейген. Үкімет басшысы жауаптыларға 1 ай уақыт берді. Премьер пәрменін пысқырмағандарға қандай жаза қолданылады? Желдей жылдам желіге қашан қол жеткіземіз? Аружан Задабектің материалы.
АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:
Аспанда да, жерде де, асуда да белде де, ойдым-ойдым қырда да, желі керек, желі керек, жолаушы! Иә, сізге де, бізге де бұ заманда керегі - осы. Тірлігіміз телефонға тіреліп тұрғанда осы тетіксіз қимылдау қиын. Әрине, Мен тұрған мына Үкімет үйінде интернетпен мәселе жоқ. Қаласаң хабарласасың, тікелей эфирге шығып, қиналмай хат алмасуға болады. Бірақ мұндай “бақыт” бәріне бірдей бұйырып тұрған жоқ. Шалғай ауылды былай қойғанда, жауаптылар отыратын мына ғимараттан бірнеше шақырым алыстасаң желінің тілі нашарлап, жүйкені жұқартуы мүмкін.
Жүйкесі тозғандардың желісін оздырайын деген Үкімет телекоммуникация саласына биыл 500 миллиард теңгеден астам инвестиция бөлді. Осы қомақты қаражат арқылы шаруасы шимайланған сала бір ізге түседі деп сөз берді. Былтыр да солай болған. Өткен жылы байланыс аясынан тыс жерде 1 052 аймақ орналасқан еді. Сол кезде де министрлік мәселені тамырымен жоямыз деп уәде берген. Бірақ 213 орын интернетке әлі зар боп отыр. Оған биыл тағы 289 проблемалық учаске табылды.
ЖАСЛАН МӘДИЕВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ – ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ЖӘНЕ ЦИФРЛЫҚ ДАМУ МИНИСТРІ:
Ауылдарды мобильді интернетпен қамту 84%-ды құрайды. 3G базалық стансаларын 4G-ге дейін жаңғырту жүргізілуде. Сондай-ақ қалалар мен ауылдарда 5G байланысымен қамту кеңейтілуде.
Елімізде 6 060 ауыл бар. Оның 3 704-і оптикалық интернетпен қамтылмақ. Бұл – елді мекендердің 61 пайызы. Қалған бөлігі қашан қосылары болашақтың еншісінде. Ал желі жеткізу қиын шалғай жерлерге спутниктік интернет тартылады. Осыны айтып, сүйіншілетіп жүргенімізге біраз болды. Жұмыс тым баяу. Ақжағалылардың өзі мұны мойындап отыр.
ДЖАББОР КАЮМОВ, «КАР-ТЕЛ» ЖШС БАСШЫСЫ:
Мақсат – бүкіл салаға желіні дамытуға бағытталған инвестицияларды анағұрлым жылдам әрі тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік беретін жағдай жасау.
Жұрт қоңырау үшін қырға шығып жүргенде жауаптылар 3G желісінен біржола бас тартартуды бастап кетті. 2027 жылдың соңына дейін 4G мен 5G-ді кеңейту де көздеп отыр. «Қазақтелеком» да құр қарап отырған жоқ. Өзін Қазақстанның цифрлық қаңқасы деп атайтын компания 100 мың шақырымға жуық талшықты-оптикалық желі тартқан. Алайда мемлекетпен жасалған келісім аясындағы 3 008 ауылдың тек 1 183-інде ғана интернет бар.
БАҒДАТ МУСИН, "ҚАЗАҚТЕЛЕКОМ" АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:
2024 жылдан бері осындай қызметтерді пайдаланатын абоненттердің үлесі 53%-дан 64%-ға өсті. Олардың жылдамдығы секундына 100 Мбит-тен бастап 1 Гбит-ке дейін жетеді.
Интернет мәселесі түбегейлі шешілмесе де, ұялы байланыс операторлары тариф бағасын қымбаттатуды бастап кеткен. Енді төлейтін теңгеңіз 10-15 процентке өседі. Онсызда опық жеп жүрміз дегендерге министрдің жауабы дайын. Қазақстан мобильді интернет бағасының қолжетімділігі бойынша 55 елдің ішінде жетінші орында екен. Айына төлейтін қаржы, шамамен, 10 доллар. Өзге елдермен салыстырғанда үш есе төмен дейді.
АСҚАР ЖАМБАКИН «КСЕЛЛ» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:
Тарифтік жоспарлардың құнын нарықтағы жағдайға қарай түзетуге тура келеді. Орта есеппен өсім 10-12% шегінде болады.
«Қыр баласы қол созады аспанға» деген Табылды ақынның жыры бүгін басқа мағынаға ие болғандай. Қазір ауыл баласы аспанға арманын емес, интернеттің сигналын іздеп қол созатын болды. Мұны Үкімет басшысы да растап отыр. Бектенов тұрғындар тарапынан ұялы операторлардың жұмысына шағым көп екенін айтты. Осыны шешу үшін жауаптыларға 1 ай уақыт берді.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
Ірі елді мекендер мен автомобиль жолдарында мобильді байланыстың тұрақсыздығына қатысты азаматтардың шағымдары әлі де бар. Бұл мәселе байланыстың сапасымен қатар, қауіпсіздікке де тікелей қатысты.
АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:
Цифрлық Қазақстан – тек биік мінберден айтылатын әдемі ұран емес. Ол – шалғай ауылдағы баланың онлайн сабаққа кедергісіз қосылуы, тұрғынның дәрігерге онлайн жазылып, кез келген азаматтың емін-еркін байланыс жасауы. Бүгін технология ғарышқа самғап, интернетті спутник арқылы жеткізуге көштік. Енді сол мүмкіндіктің жердегі әр азаматқа жеткенін күтеміз. Өйткені Байланыс үзілмеген жерде ғана цифрлық даму болады.