Арнайы жұмыс тобы жаңа Азаматтық кодексті әзірлеуге кірісті

  • AstanaTV
  • 24 қараша 2026

Арнайы жұмыс тобы жаңа Азаматтық кодексті әзірлеуге кірісті. Бүгін алғашқы отырысын өткізді. Қолданыстағы құжат 1994 жылы қабылданған. Содан бері қоғам түбегейлі өзгеріп, цифрлық технологиялар, электронды сауда және жасанды интеллект күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналды. Сондықтан азаматтық-құқықтық қатынастарды реттейтін заңнаманы жаңарту – уақыт талабы.  

Қазір азаматтық қарым-қатынастар түбегейлі өзгерді. Интернет-сауда, онлайн-қызметтер мен жасанды интеллект күнделікті өмірге енді. Сондай-ақ қарапайым тұтынушы мен банктер, ірі компаниялар арасындағы келісімшарттарды қарапайым әрі түсінікті тілде жазу мәселесі өзекті. Ал жұмыс тобының мүшелері осы түйткілдерді шешу үшін еліміздің ғалымдары мен сарапшыларының ұсыныстарын жинақтауда.

ҮНЗИЛА ШАПАҚ, ҚР ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ ЗАҢНАМА, СОТ ЖҮЙЕСІ ЖӘНЕ ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ ОРГАНДАРЫ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Күні бүгінге дейін қолымызда қолданып жүрген Азаматтық кодекс бар. Осы норманың ішінде туындаған әртүрлі қателіктер, реттеудегі кездесетін олқылықтардың барлығы ескерілетін болады. Сондықтан бірінші ғалымдар өздерінің пікірлерін берді. Бір университет 70 неше бетке жазған, бір университет 100 шақты беттен берді. Азаматтық құқық дегеніміз барлық адамның өмірінде кездесетін қарым-қатынастардың барлығын реттейді.

Жаңа кодексте халықаралық тәжірибе, әсіресе цифрлық құқықты реттеудегі Қытай мен Германияның үлгілері ескерілмек. Сонымен қатар сарапшылар күнделікті тұрмыста жиі кездесетін мүлікке қатысты дауларды реттеуді ұсынып отыр. Бұл олқылықтың орнын толтыру қажет дейді мамандар.

КҮЛӘШ ІЛИЯСОВА, КАСПИЙ ҚОҒАМДЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ ЖЕКЕ ҚҰҚЫҚ ҒЫЛЫМИ-ЗЕРТТЕУ ИНСТИТУТЫНЫҢ БАС ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТКЕРІ, ЗАҢ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ:

 Сервитут дегеніміз - біреудің мүлкін пайдалану құқығы, бірақ ол иесін өз мүлкіне иелік етуден айырмайды. Бізде бұл тек жер заңдарында ғана жазылған, ал шын мәнінде өмірде кез келген жерде, тіпті, біреудің үйіне кіріп, дәлізбен жүргенде де кездеседі. Сондықтан жаңа кодексте сервитуттың ережелері нақты әрі кеңірек жазылуы керек

Заң авторлары енді ірі компаниялардың өктемдігіне жол бермеуді көздеп отыр. Яғни, олар өз талаптарын қарапайым халыққа күштеп таңа алмайды. Сондай-ақ меншіктің барлық түріне тең мүмкіндік беріліп, келісімшарт жасаудағы әділдік күшейтіледі

ЕРЛАН СӘРСЕМБАЕВ, ҚР ӘДІЛЕТ МИНИСТРІ:

Сарапшылар да осы бойынша өз пікірін білдіріп отыр. Яғни, 30 жыл ішінде кодекске 300-ге жуық түзету енгізілген, олар әртүрлі бағытта болғандықтан, бүгін кодекс толық жүйелеуді және «қайта жүктеуді» қажет етеді. Мақсатымыз, азаматтарға түсінікті, ал бизнеске даму мүмкіндігін беретін құжат қабылдау.

Жұмыс тобы құжатты кезең-кезеңімен әзірлеп, шамамен екі аптада бір рет бас қосып отырмақ. Жаңа заңды талқылауға кез келген азамат қатыса алады. Ол үшін Әділет министрлігінің сайтында арнайы бөлім ашылған. Ұсыныстар өңірлік филиалдар арқылы да қабылданады.