"Қауіпсіз балалық шақ". Ақтаудағы Дарын облыстық мектеп интернатында осындай атаумен өрттің алдын алуға бағытталған іс-шара өтті. Бастама Төтенше жағдайлар министрлігі «Өрт қауіпсіздігінің он күндігі» республикалық акциясы аясында ұйымдастырылып отыр.
Өрт кезінде үрейге бой алдырмай, қауіпсіз жерге шыға білу маңызды. Ал мұны балаларға ерте жастан үйреткен жөн. Ақтаудағы «Дарын» облыстық арнайы мектеп-интернатында өткен оқу-жаттығуда оқушылар өрт кезінде ғимараттан қауіпсіз шығу тәртібін пысықтады.
АЙНАГҮЛ НҰРЖАНОВА, ОБЛЫСТЫҚ АРНАЙЫ МЕКТЕП-ИНТЕРНАТЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
Балалар даму ерекшеліктеріне қарамастан, қоғамда адамдармен араласады, кинотеатрлар мен басқа да қоғамдық орындарға барады. Сондықтан олар төтенше жағдай туындаған кезде не істеу керектігін, өздеріне қалай көмектесуге болатынын және осындай жағдайда қалай әрекет ету қажеттігін білуі тиіс. Бұл олар үшін де өте маңызды.
Қауіпсіздік ережелерін жатқа білу жеткіліксіз. Оны қажет кезде қолдана білу керек. Сондықтан құтқарушылар мектептерде мұндай жаттығуларды жүйелі түрде өткізіп келеді. Бұл балалардың төтенше жағдайға дайындығын арттырып, мұғалімдер мен мектеп қызметкерлерінің жауапкершілігін күшейтеді. Мамандар оқушылардың қауіпсіздікке деген қызығушылығын арттыру үшін түрлі байқаулар да ұйымдастырып жүр.
ЕРЛАН СОЛТАНМҰРАТОВ, ОБЛЫСТЫҚ ТЖД РЕСМИ ӨКІЛІ:
Бүгін біз мектеп оқушылары арасында өткізілген байқаудың қорытындысын да шығардық. Облыс әкімінің орынбасары мен Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, азаматтық қорғау генерал-майоры Қуанар Базарбаев белсенді қатысушыларға салтанатты түрде марапаттар мен сыйлықтар табыстады.
Тұрғын үй аулаларында ретсіз қойылған көліктер өрт сөндірушілердің жұмысына кедергі келтіреді. Осыған байланысты Төтенше жағдайлар министрлігінің бастамасымен құрылыс нормаларына жаңа талаптар енгізілді. Енді қолданыстағы және жаңадан салынып жатқан көппәтерлі үйлердің айналасында өрт сөндіру техникасына арналған арнайы алаңдар жабдықталады. Бүгін Ақтауда осындай алаңдардың бірі таныстырылды. Арнайы алаңға қойылған көліктер эвакуацияланып, иелеріне айыппұл салынады.