ML School Kazakhstan ғылым, IT және экономика салаларына қажетті 32 жасанды интеллект маманын даярлауға кірісті

  • AstanaTV
  • 24 қараша 2026

Қазақстанда жасанды интеллект саласында еңбек ететін мамандардың жаңа буыны қалыптасып келеді. Астанада Yandex Qazaqstan, AstanaHub және Alem.ai бірлесіп қолға алған ML School Kazakhstan білім беру бағдарламасы іске қосылды. Сегіз жүзден астам үміткердің ішінен іріктеуден 32 адам өтті. Енді олар екі жыл бойы тегін білім алып, заманауи жасанды интеллект технологияларын дамытуға атсалысады. 

Бағдарлама Яндекстің Деректерді талдау мектебінің академиялық әдістемесі мен тәжірибесіне сүйене отырып әзірленген. Оқу барысында математика, алгоритмдер, машиналық оқыту және жасанды интеллектінің озық технологиялары қамтылады.

ТИМУР ШАЛЕКЕНОВ, YANDEX QAZAQSTAN БАСШЫСЫ:

Біздің ойымызша, жасанды интеллект саласындағы өзгерістерді жүзеге асыратын өз мамандарымызды ел ішінде даярлау аса маңызды. Бұл – еліміздің дамуына қосқан үлесіміз, азаматтық патриотизмнің бір көрінісі. Өйткені Қазақстанда қолға алынған жобалар тек дайын модельдер мен чат-боттарды талқылаумен немесе өзге елдердің технологияларын пайдаланумен шектелмеуі керек. Ең бастысы, сол жобалардың инженерлік негізі өз елімізде қалыптасуы қажет. Ал шын мәнінде тың технологияларды жергілікті жасанды интеллект және машиналық оқыту мамандары ғана жасай алады.

Бағдарламаның тәжірибелік бөліміне Қазақстандағы жетекші технологиялық компаниялардың, соның ішінде Yandex Qazaqstan-ның машиналық оқыту мамандарымен кездесулер кіреді. Студенттер қолданыстағы жүйелердің құрылымын талдап, инженерлік шешімдерді зерделейді. Сондай-ақ нақты міндеттерді шешіп, ғылыми-зерттеу жобаларына қатысады.

ЖАСЛАН МӘДИЕВ, ҚР ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ЖӘНЕ ЦИФРЛЫҚ ДАМУ МИНИСТРІ:

3 жылдың ішінде толыққанды цифрлық мемлекет құру - осындай мақсат қойды. 

Алғашқы топқа жасанды интеллект модельдерін әзірлеу тәжірибесі бар мамандар қабылданды. Олардың арасында компьютерлік томография суреттерін талдаумен айналысқан, қазақша сөйлеуді тану және дыбыстау технологияларын жасаған, сондай-ақ машиналық оқытуды несие беру тәуекелін бағалау мен сұранысты болжау салаларында қолданған мамандар бар.Мектеп студенттерінің бірі атап өткендей, енді машиналық оқыту саласындағы өзекті білімді меңгеріп, болашағы зор бағытта дамуға шетелге барудың қажеті жоқ.

РАХИЯ ҚҰРБАНАЛИЕВА, ML SCHOOL KAZAKHSTAN СТУДЕНТІ:

Осындай бағдарламаның Қазақстанда ашылғанына шын жүректен қуаныштымын. Енді еліміздегі студенттер мен жұмыс істеп жүрген жастар осында білім алып, бұрын қолжетімді бола бермейтін мүмкіндіктерге қол жеткізе алады.

Оқу Астанадағы Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығында тегін өтеді. Ұйымдастырушылар алдағы уақытта студенттерді жыл сайын қабылдауды жоспарлап отыр. Басты мақсат – жасанды интеллект негізіндегі шешімдерді өз бетінше әзірлеп, оларды Қазақстан экономикасының түрлі саласына енгізе алатын білікті мамандар даярлау.