Қарағанды қаласының Майқұдық ауданында жаңа оқушылар сарайы салынып жатыр. Шығармашылық, техникалық және спорттық бағыттағы үйірмелерді бір жерге тоғыстыратын ерекше орталықты ата-аналар көптен күткен.
АЙЖАН ҚУАШ, ТІЛШІ:
“Оқушылар сарайы екі блокқа бөлінген. Біріншісінде балалар шығармашылықпен айналысса, екіншісінде спортпен шұғылданады. Ең бастысы мұның барлығы тегін. Үйірмелерге бір оқу жылында 3 мың бала қатыса алады”.
Ал бір мезетте ғимаратқа 900 бала келе алады. Олар әдеттегідей ән - би, спорт, суретпен шектелмейді, заман талабына сай жаңа технологияны меңгереді. Әрине құрылыс күзде ғана басталғандықтан ғимараттың ерекшелігін көрсету қиын. Бірақ жобаның жалпы құны 7,4 млрд теңге екенін ескерсек заманауи орталық болуы әбден мүмкін.
ИНДИРА ИСКАКОВА, ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БЕРУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:
«Бұл жерде көптеген шығармашылық, спорттық үйірмелер мен секцияларды қарастыру көзделіп отыр. Оның ішінде 7 лаборатория болады деп жсопарлап отырмыз. Оның ішінде хайтек, STEP лабораториялар болады, робототехника. Яңни бұл орталық негізі техникалық үйірмелерді де қамтитын болады».
Жаңа орталықтың салынуын аудан тұрғындары да асыға күтуде. Өйткені Майқұдықта балалардың бос уақытын тиімді өткізіп, қабілетін дамытуға мүмкіндік беретін кешен жоқ. Оқушылар күні бүгінге дейін алысқа, қала орталығына баруға мәжбүр.
БЛИЦ-САУАЛНАМА:
- «Үйірмелерге бармайды.Бармаған себебі, өйткені қаысмыздаештеңе жоқ. Барғымыз келеді.Домбыра үйірмесі жақсы, сурет салу,пианино, үйірмелер керек қой негізі ».
- «Болашағымызға балаларды үйретуге керек оқушылар сарайы. Қазір көп бала көбінесе телефонмен үйде отырады. Уақыт өткізетін орындары жоқ.Кейбір балалар бар енді, ер балалар көбінесе спорттық кешендерге барады. Ал қыз балаларға ондай ештеңе арналмаған бұл жерде.Би өнерінен басқа ештеңе жоқ».
- «Менің қызым дзюдоға барады, ол кішкентай 2-3 комната ғана.Бізде мынандай үлкен здание жоқ қой.Мен қызыма айтып қоям, ашылса сені жазам үйірмелерге соған қатысасың деп».
Нысан 2027 жылы пайдалануға берілмек. Оның болашақ ұрпаққа жасалған инвестиция екенінде сөз жоқ. Жаңа орталықтың есігі ашылғанда жүздеген баланың арманына жол ашылмақ.