Қызылордада жазадан жалтарып жүрген сотталған азамат ұсталды, деп хабарлайды AstanaTV.
Қызылорда облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің жедел тобының қызметкерлері пробация қызметінің есебінен жалтарып жүрген сотталған азаматты ұстады. Ол ҚР ҚК-нің 188-бабының 3-бөлігімен кінәлі деп танылып, сот үкімімен 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалып пробациялық бақылауға алынған. Алайда сотталған азамат сот жүктеген міндеттерді орындамай, пробация қызметіне белгіленген уақытта тіркелуге келмей, қашып жүрген. Осыған байланысты аталған сотталғанға қатысты бастапқы іздестіру шаралары жүргізілген. Жедел іс-шаралар нәтижесінде ҚАЖ департаментінің жедел тобы мен Сырдария аудандық пробация қызметкерлері сотталғанның жүрген жері анықтап, ұстады. Қазіргі уақытта оған қатысты бас бостандығын шектеу жазасын бас бостандығынан айыру жазасына ауыстыру үшін іс- құжаттары жинақталып, Сырдария аудандық сотына жолданды.