Астанада көлік басқару құқығынан айырылған жүргізуші 10 тәулікке қамалды

Polisia.kz

Астанада көлік басқару құқығынан айырылған жүргізуші 10 тәулікке қамалды, деп хабарлайды AstanaTV.

Астанада жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында полиция қызметкерлері бақылау жұмыстарын жалғастыруда. Ә.Нұршайықов көшесінің бойында полиция қызметкерлері Toyota автокөлігінің жүргізушісін тоқтатты. Тексеру барысында жүргізушінің бұрын көлік құралын басқару құқығынан айырылғаны анықталды. Соған қарамастан, ол қайтадан рөлге отырған.

Аталған дерек бойынша жүргізуші ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 612-бабының 3-бөлігімен әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот қаулысымен құқық бұзушы 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды. Автокөлік коммуналдық тұраққа қойылды. Полиция жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға және көлік басқару құқығынан айырылған жағдайда рөлге отырмауға шақырады.