Ел болып игі істер жасайтын кезеңдеміз – Құрылтай үндеу жариялады

Құрылтай

Құрылтай депутаттары қазақстандықтарды Тәуелсіздіктің 35 жылдығын бірлікпен және нақты іспен атап өтуге шақырды

Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттары Тәуелсіздіктің 35 жылдығына орай отандастарға үндеу жариялады. Онда ел жетістіктері сараланып, алдағы кезеңдегі басым міндеттер айқындалды. Депутаттар халықты бірлікке ұйысып, «Құрылыс және тағы да құрылыс!» бастамасын нақты іспен қолдауға шақырды, деп хабарлайды AstanaTV.

Биыл Қазақстанның Тәуелсіздігін жариялағанына 35 жыл толады. Осы айтулы дата қарсаңында Құрылтай депутаттары елдің жүріп өткен жолына баға беріп, мемлекеттілікті нығайту мен халықтың әл-ауқатын арттыру бағытындағы жұмыстардың маңызын атап өтті.

Үндеуде соңғы жеті жылда елімізде ауқымды саяси және әлеуметтік-экономикалық өзгерістер болғаны айтылған. Әділеттілік, заң мен тәртіп қағидаттары мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарына айналды. Заңсыз шығарылған капиталды елге қайтару жұмыстары жүргізіліп, 1 триллион теңгеден астам қаражат әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға бағытталуда.

Әлеуметтік саладағы маңызды бастамалардың бірі – «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы. Соңғы үш жылда 7 миллионнан астам баланың есепшотына 2,5 миллиард АҚШ долларына жуық қаражат аударылған.

Сондай-ақ ғылымды қаржыландыру көлемі соңғы жеті жылда 3,6 есе өсіп, 261,5 миллиард теңгеге жеткен. Осы кезеңде 1300-ден астам мектеп, 1483 балабақша, 1259 медициналық мекеме, 536 спорт және мәдениет нысаны салынған.

Экономикалық көрсеткіштер де оң динамиканы көрсетеді. Алтын-валюта резервтері мен Ұлттық қор активтері 44 пайызға өсіп, 130 миллиард долларға жуықтаған. Елде 625 жаңа өнеркәсіп кәсіпорны іске қосылып, ауыл шаруашылығы өндірісінің көлемі 24 пайызға артқан. Ал жалпы ішкі өнім 2,5 есеге жуық өсіп, 398 миллиард долларға жеткен. Бұл – Орталық Азиядағы ең жоғары көрсеткіш.

Цифрландыру бағытында да ілгерілеу бар. Қазіргі уақытта мемлекеттік қызметтердің 90 пайызы электронды форматта көрсетіледі.

Үндеуде қол жеткізген жетістіктерді бағалай отырып, алдағы міндеттерді де назардан тыс қалдырмау қажеттігі айтылған. Депутаттардың пікірінше, Тәуелсіздіктің 35 жылдығы ел дамуының жаңа кезеңіне бастайтын маңызды белес болуы тиіс.

Осы орайда Құрылтай депутаттары Мемлекет басшысы көтерген «Халықтық құрылыс» бастамасына ерекше назар аударды. Бұл жоба аясында халық игілігіне арналған жүздеген әлеуметтік және ауыл-аймақтарда мыңдаған инфрақұрылымдық нысан салу көзделіп отыр.

«Дәл бүгін жұдырықтай жұмылып, ұлт болып ұйысып, Президентіміз жариялаған «Құрылыс және тағы да құрылыс!» халықтық бастаманы нақты іспен қолдауымыз керек. Тіпті, бұл – әрбіріміз үшін абыройлы міндет!» – делінген үндеуде.

Құрылтай депутаттары Тәуелсіздікті сақтау мен нығайту, ел бірлігін бекемдеу – барша азаматқа ортақ міндет екенін атап өтті. Сондай-ақ әрбір қазақстандықты ортақ іске үлес қосып, ел болашағы үшін бірлесе еңбек етуге шақырды.