Сталкинг мәселесін тек жазаны күшейту тұрғысынан қарастыру жеткіліксіз – Айжан Аймағанова

Құрылтай

Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Айжан Аймағанова Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқыққа қайшы әрекеттер үшін жауапкершіліктен бұлтартпау туралы депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Заң мен  тәртіп» қағидатын нығайтуға және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше мән беріп келеді. Адам құқықтарын қорғау және қылмыстың алдын алу – «Әділет» партиясының да басты бағыттының бірі», – деді Айжан Аймағанова.

Ол азаматтардың қауіпсіздігіне тікелей қатысты екі мәселеге тоқталды. Олар – сталкинг (адамды заңсыз қудалау) және спайкинг (адамның келісімінсіз оған қауіпті заттарды жасырын енгізу).

«Біріншісі – сталкинг, яғни адамды заңсыз қудалау. 2025 жылы сталкинг үшін қылмыстық жауаптылық енгізілді. Алайда заңды қолдану тәжірибесі құқықтық тетікті одан әрі жетілдіру қажеттігін көрсетіп отыр.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 2026 жылғы 19 қарашаға дейін сталкинг дерегі бойынша 570 қылмыстық іс тіркеліп, оның 193-і сотқа жолданған.

Қолданыстағы заңнама бойынша сталкинг үшін көзделген ең жоғары жаза – 50 тәулікке дейін қамаққа алу. Алайда қудалау әрекеті бірнеше айға созылып, аңду, қорқыту, психологиялық қысым көрсету, әлеуметтік желілер арқылы мазалау сияқты түрлі сипатта жалғасуы мүмкін. Әсіресе, құқық қорғау органдары араласқаннан кейін де қудалаудың тоқтамауы жәбірленушінің қауіпсіздігіне төнетін қатерді күшейтеді.

Бұл мәселенің өзектілігін азаматтардың өздері де көтеріп отыр. Биыл 8 қыркүйекте сталкинг үшін жауаптылықты күшейту және жәбірленушілерді қорғау жөнінде петиция жарияланды.

Сондықтан бұл мәселені тек жазаны күшейту тұрғысынан қарастыру жеткіліксіз. Жәбірленушілерді қорғаудың тиімді тетігін қалыптастырып, қудалаудың алдын алу мен оның жолын кесудің кешенді шараларын қарастыру қажет деп санаймын.

Екіншісі мәселе – спайкинг. Бұл – адамның келісімінсіз оның сусынына, тамағына немесе өзге де жолмен қауіпті заттарды жасырын енгізу әрекеті.

Мұндай жағдайда жәбірленуші не болып жатқанын аңғармай, өзін қорғау және қарсылық көрсету қабілетінен айырылуы мүмкін.

Спайкинг көбіне жыныстық зорлық-зомбылық, тонау және өзге де қылмыстар жасауға жол ашады.

Қазір мұндай әрекеттердің жекелеген салдары үшін қылмыстық жауаптылық көзделген. Алайда адамның келісімінсіз қауіпті заттарды жасырын енгізу әрекетінің өзіне дербес қылмыстық-құқықтық баға беру мәселесі толық реттелмеген.

Менің ойымша, мұндай әрекетке құқықтық баға беру үшін ауыр зардаптың туындауын немесе өзге қылмыстың жасалуын күтудің қажеті жоқ. Адамның келісімінсіз оған қауіпті зат енгізудің өзі дербес құқық бұзушылық ретінде танылып, қылмыстық жауаптылыққа негіз болуға тиіс», – деді ол.

Айжан Аймағанова Ішкі істер министрлігіне сталкинг фактілерін тіркеу мен тергеу тәжірибесін талдап, әлеуметтік желілердегі қудалауға полицияның әрекет ету тәртібін біріздендіруді ұсынды.

«Осыған байланысты Ішкі істер министрлігінен: Сталкинг бойынша:

Қылмыстық кодекстің 115-1-бабын қолдану тәжірибесіне, соның ішінде жүйелі қудалау фактілерін тіркеу мен тергеуден бас тарту себептеріне талдау жүргізуді;
 Әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі қудалау фактілеріне полицияның әрекет етуінің бірыңғай тәртібін енгізуді;
Спайкинг бойынша:

Криминология саласының мамандарынмен бірлесіп спайкинг мәселесін жан-жақты зерттеу, оның таралу ауқымын, себептері мен салдарын анықтау.
 Спайкингті жедел анықтау, токсикологиялық сараптама жүргізу және дәлелдемелерді сақтау алгоритмін әзірлеуді;
 Зардап шеккендерге уақтылы көмек көрсету үшін полиция мен денсаулық сақтау ұйымдарының өзара іс-қимылын жолға қоюды сұраймыз», – деді депутат.