Әлемде күн сайын 130 әйел күйеуінің қолынан қаза табады. Бұл – Біріккен Ұлттар Ұйымының дерегі. Былтыр отбасынан зәбір көрген 47 мың келіншек о дүниеге аттанған. Біздің елдегі жағдай да оңып тұрған жоқ. Биыл тұрмыстағы зорлық-зомбылық үшін жауапқа тартылғандар саны 18 процентке өскен. Заң қабылданды, тиісті шаралар атқарылып жатыр. Бірақ неге мәселе әлі күнге дейін шешілмей келеді? Әріптесім Аружан Задабек жауап іздеп көрді.
Отбасынан зорлық көрген әр әйелдің өз өмірі, арманы, жоспары болды. Олардың бәрі ардақты ана, аяулы жар, аялаған қыз деген атқа лайық еді. Бірақ тұрмыстық зорлық-зомбылық олардың өмірін мезгілсіз үзді.
ДИНА АМРИШЕВА, ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ «БҰҰ-ӘЙЕЛДЕР» ҚҰРЫЛЫМЫ КЕҢСЕСІНІҢ БАСШЫСЫ:
Әлемдегі әрбір үшінші әйел өз серіктесі тарапынан зорлық-зомбылыққа ұшырайды. Өткен жылы шамамен 316 миллион әйел жолдасынан жыныстық немесе физикалық зорлық-зомбылық көрген.
ЧИНВЕ ОГБОННА, ЮНФПА-НЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ӨКІЛІ:
Бұл құқық қорғау және сот жүйесінің жұмыс істеп жатқанын көрсетеді. Дегенмен зорлық-зомбылықтың барлық түрін алдын алу және оған қарсы әрекет ету үшін әлі де көп жұмыс атқару қажет. Физикалық, жыныстық, цифрлық технологиялар арқылы жасалатын, репродуктивтік және экономикалық зорлық-зомбылықтың ешбір түрін ақтауға болмайды.
Бізде 2024 жылы әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғауға бағытталған заңнамалық өзгерістер қабылданды. Ұрып-соғу мен денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру үшін қылмыстық жауапкершілік қайта енгізілді. Қорғау ұйғарымының талаптарын бұзғандарға да жауапкершілік күшейтілді. Бірақ мәселе сонымен шешіле салған жоқ. Мәселен, биыл тоғыз айда 73 мыңнан астам қорғау ұйғарымы шығарылса, оның 20 мыңы қайта талапты бұзған. Демек, тыйым салынғанына қарамастан, оны елемейтіндер бар.
САРАНГО РАДНАРАГЧА, ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ БҰҰ ТҰРАҚТЫ ҮЙЛЕСТІРУШІСІ:
Соңғы бес жылда ауқымды өзгерістер болды. Неліктен? Өйткені Үкімет бұл мәселеге өте байыппен қарай бастады. Мемлекет заңнамалық және саяси-құқықтық тетіктерді жетілдіріп, күшейту бағытында жұмыс істеп жатыр.
Заң қабылдау – мәселенің шешілгені емес, шешімге жасалған алғашқы қадам. Қағаздағы бап қатайғанымен, қоғамдағы көзқарас бір күнде өзгере қоймайды. 90 мың адамның жауапқа тартылуы жүйенің жұмыс істеп тұрғанын көрсеткенімен, зорлық-зомбылықтың тамырына балта шабылды деген сөз емес. Қысқасы, зорлық-зомбылыққа қарсы күрес ұранмен емес, нақты әрекетпен өлшенеді.