«Халыққа жақын» жобасы Аралдан бастау алды

  • AstanaTV
  • 25 қараша 2026

Елімізде Қазақстан Халық Кеңесінің бастамасымен «Халыққа жақын» республикалық жобасы іске қосылды. Игі бастама алдымен Қызылорда облысы Арал ауданынан бастау алды.  Кеңес мүшелері мен салалық министрлік өкілдерінен құралған мобильді топтар енді аймақтарды аралап, ауыл тұрғындарымен тікелей кездеседі. Мұндағы мақсат, жұмыспен қамту, медицина, білім, интернет және экология саласындағы түйткілдерді сол жерде зерделеп, шешу жолдарын айқындау. Жергілікті деңгейде шешілетін жайттар әкімдікпен пысықталса, жүйелі мәселе мемлекеттік органдар мен Үкіметке жолданады. Бұдан бөлек, азаматтардың өтініштерін қабылдайтын бірыңғай мобильді қосымша іске қосылмақ. Сыр өңірінде басталған бұл тәжірибе алдағы уақытта еліміздің барлық облысында жалғасын табады. 

ӘДІЛХАН ТАНЫМБЕТОВ, АРАЛ ҚАЛАЛЫҚ АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

“Халыққа жақын" жобасын ең бірінші мына Арал ауданынан бастағандарыңыз, біз үшін үлкен қуаныш. Міне, азаннан бері көптеген министрлік өкілдері халықты жеке қабылдап, мұң-мұқтаждарды тыңдап, жауаптарын беріп жатыр, төменде оқу процестері жүріп жатыр. Бізге ең бір қуанышты жағдай халық өзі сіздерді іздеп бармай, мына министрлік өкілдерін, өздері келіп, осы жерде өзіне қажетті мағлұматтарды алып жатыр. Сол үшін сіздерге, ел президентімізге Арал халқының атынан алғысымызды білдіреміз.

ЕРЛАН ҚОШАНОВ, ҚАЗАҚСТАН ХАЛЫҚ КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Сұраныстың бар екенін біз көріп отырмыз. Біз Астанаға не Қызылордаға сол барып, адамдарды ұзақ жол жүргізіп қиналтпай, мемлекеттік органдар бүгін өздері сіздерге келіп отыр. Халық деген көп келіп жатыр, сұрақтар да көп қой, міне. Сол мәселелерді шешіп тастау үшін, сіздерге көмек көрсету үшін біз келіп отырмыз және бұл мемлекет басшысы «халық үніне құлақ асатын мемлекет» деген қағидатты мен де ойлаймын бүгін біздің ісімізге сай келіп тұр деп.