Жетісу облысының алты ауданын газбен қамтуға 37 миллиард 400 миллион теңге бөлінді

  • AstanaTV
  • 25 қараша 2026

Жетісу облысының алты ауданын газбен қамтуға 37 миллиард 400 миллион теңге бөлінді. Қаражат «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында Инфрақұрылымды дамыту қорынан қарастырылған.  Жоба Ақсу, Сарқан, Алакөл, Панфилов, Қаратал және Ескелді аудандарын қамтиды. Жоспар бойынша 100-ге жуық елді мекенге газ құбыры тартылып, 183 мыңнан астам тұрғын табиғи газға қол жеткізеді. Ол үшін жалпы ұзындығы 3 мың 300 шақырымға жуық газ тарату желісі салынады. Айта кетейік, бүгінде облыста 115 елді мекен, 469 мыңға жуық тұрғын табиғи газға қосылған. Өңірде газдандыру жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасып жатыр. Алдағы уақытта тағы бірнеше ауыл көгілдір отынға қосылып, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. 

АЗАМАТ БЕЙСБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ ТҮКШ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Елді мекендерде одан әрі газға қосу жұмыстары жалғасуда. Ағымдағы жылдың соңына дейін өтпелі 11 нысанның құрылысын аяқтау жоспарлануда. Нәтижесінде газдандырылған елді мекендердің саны 126-ға жетіп, газдандыру деңгейі 74 пайызды құрайды.